«ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУГЕ СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСТЫ»

Шымкентке республикалық қала мәртебесінің берілуі мегаполистің жаңа тынысын ашқаны мәлім. Қаламыз қарқынды дамып, көз алдымызда күн санап көркейіп келеді. Десек те қала орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендерде шешімін күткен әлеуметтік мәселелер аз емес. Әсіресе, жарықтандыру, ауыз су, табиғи газ, кәріз жүйелері, сапалы жол секілді коммуналдық салаға қатысты тұрғындардың шағымдары дер кезінде шешім табуы тиіс. Мәселелердің түйінін тарқатуда билік пен халықтың арасындағы алтын көпір саналатын мәслихаттың рөлі үлкен. Ал мәслихатқа тұрғындардың талабын тыңдап қана қоймай, оның шешілуіне ықпал ете алатын сауатты депутаттар керек. Істің тетігін біліп, шырқ үйіріп алып кететін білікті, іскер-шаруа азаматтарға зәруміз.
Алдағы сайлауда қалалық мәслихатқа үміткер ретінде тіркелгендердің арасында осындай талап үдесінен шыға алатын азаматтардың бой көрсетіп жатқандығы қуантады. Солардың бірі – Мерлан Керимжанов. Жастайынан елдік жұмысқа араласып, түрлі салаларда табысты еңбек етіп келе жатқан Мерлан інімізді бұрыннан танимын. Облыстық құрылыс басқармасында менің орынбасарым болып қызмет еткен ол ісіне тиянақты, жауапкершілікті сезінетін маман ретінде өзін көрсетті. Жол жөндеу жұмыстарында әбден ысылды. Саланың қыр-сырын білетін білікті маманға айналды.
Бірер жыл алдын Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, көне шаһарды көркейту бағытында қыруар жұмыстар қолға алынғанын білесіздер. Рухани астананы түгелдей жаңарту шаралары қарқын алды. Осынау тарихи сәтте Мерлан Керимжанов Түркістан қаласы әкімінің орынбасары ретінде таңдалды. Ол қала құрылысы, жол, коммуналдық-шаруашылық бағытында өзіне артылған жүгі ауыр міндетті абыроймен атқарды. Күн-түн демей еңбек етіп, рухани астананы көркейтуге, заманауи келбетін қалыптастыруға сүбелі үлес қосты.
Оның өзге де тындырымды тірліктерін одан әрі тізбектей беруге болады. Бірақ оны көпшілік менсіз де біледі деп ойлаймын. Менің айтпағым, осындай елдік қызметтің қазанында құрыштай қайнап шыққан, сөздің емес, істің адамдары біздің қоғамға аса қажет. Оның қалалық мәслихаттың депутаты болып сайлануына қолдау білдіріп, қарым-қабылетін ел игілігіне пайдалануымыз тиіс деп санаймын.

Салыхан ПОЛАТОВ,
дербес зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері.