«ҮНДЕМЕЙ-АҚ ҮЙДЕЙ ІС БІТІРІП ЖҮР»

Мерлан Керимжановты үндемей-ақ үйдей іс бітіріп жүрген азамат ретінде танимын. Ел игілігі үшін атқарған жұмысы көп болса да телеарналарда жиі сөйлеп, әлеуметтік желілерге көп шыға бермейді. Елге, ұлтқа деген жанашырлығын сөзімен емес, ісімен көрсетіп келеді. Көп сөйлеп, көпшіліктің алдында жүргенді қаламайды. Былайғыда қарапайым көрінгенімен, әділетсіздікке жаны қас, сол жолда неден де болса тайынбайтын қайсар мінезділігін талай рет көрсеткен. Мәслихат депутаттығына абырой-атақ үшін емес, елге қызмет ету үшін бара жатқанына сенімдімін.
Көпшілік мәслихат депутаттарының әкімдіктің айтқанынан аса алмайтын, әкім-қаралардың ығына оңай жығылатын қауқарсыздығын айтып, сынға алып жатады. Өйткені депутаттардың дені әкімдік беретін мемлекеттік тапсырыс арқылы кәсібін жүргізіп, шаруасын дөңгелетіп келеді. Былайша айтқанда әкімдікке кіріптар. Ал Мерлан Керимжанов «Самұрық Қазына констракшн» АҚ-ның «Жайлы мектеп» жобасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі қызметін атқарады. Әкімдікке ешқандай тәуелділігі жоқ. Керісінше, қалаға қаржы бөліп, өңірде мектеп мәселесінің шешілуіне ықпал ететін мемлекеттік компанияның өкілі. Ендеше Мерлан Керимжанов депутат болып сайланса, проблемаларды бүкпесіз ашық айта алады. Керек кезде үнсіз қалмай, батыл әрекет жасайтындығына сенімдімін.
Ендеше, сайлаушылар таңдау жасар алдын Мерланның іскерлігімен қатар, осындай артықшылықтарын да ескергені дұрыс деп санаймын.

Жұмағали БІЛІСБЕКОВ,
«Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.