ТҮРІКТЕР ТҰРҒЫЗҒАН ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛЕ МЕ?

Түркиядағы алапат зілзала көп былықтың бетін ашты. Енді әлемнің өзге елдері түрік компаниялары тұрғызған нысандардың құрылысын жіті зерттей бастады. Өйткені қағаз жүзіндегі дерек пен шынайы өмірдегі ахуалдың арасы алшақ. Сондықтан қауіпсіздік шаралары қатаң бақылануда.

Өз кезегінде, қазақстандықтар да түрік ағайын тұрғызған ғимараттардың қашан тексерілетінін сұрай бастады. Біздегі құрылыс нысандарының сапасы қандай? Тексеріле ме? Жуырда вице-премьер Роман Скляр журналистердің осы негіздегі сауалына жауап берді. Оған «Жақын күндері осы сипатта тексеру жүргізу жоспарланған ба?» деген сауал да тасталды. Шендінің сөзіне сенсек, қазір мұндай тексерулер жүргізіліп жатқан жоқ.
Айта кетейік, 6 ақпанда таңертең Түркияда 7,7 балдық жер сілкінісі орын алды. 8 ақпанда таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Түркияға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлердің екі тобы аттанды. 16 ақпанда Қазақстан мен Қырғызстан Түркияда зардап шеккендерге көмек ретінде 84 киіз үй жеткізгені белгілі болды.