«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ БІРГЕ ҚҰРАМЫЗ»

Газетіміздің бүгінгі санында «Самұрық Қазына констракшн» АҚ «Жайлы мектеп» жобасының Шымкент қаласы бойынша басшысы Мерлан Керимжановпен болған сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

— Мерлан Адрахманұлы, жақында ғана «Самұрық Қазына констракшн» АҚ-ның «Жайлы мектеп» жобасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі болып тағайындалдыңыз. Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Бұл құрылымның жұмысы, жобаның ерекшелігі жайлы кеңірек айтып беріңізші?..

— Құттықтауыңызға рахмет! Алдымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тоқтала кетейін. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы өткен жылы жариялаған Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының маңыздылығын айтқан болатын. Жоба аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатындығын, елдегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетіндігін жеткізген еді. Осыған орай, ұлттық жоба бойынша алдағы үш жылда елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылды. Бұл заманға сай мектептер 842000 оқушыны қабылдамақ. Білім ұялары республикамыздың қалалары мен шалғай елді мекендерінде де бой көтереді. Жобаның жалпы бюджеті 2,6 трлн теңгені құрайды. Ұлттық жоба құрылысын үйлестіруші ретінде «Самрұқ-Қазына» қорының еншілес ұйымы – «Самұрық Қазына констракшн» компаниясы таңдалған. Ол құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талапқа сәйкес салынуын бақылайды. Мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуіне жауапты. Компания қазір құрылыстың егжей-тегжей жоспарын дайындап қойды. Мектептер негізінен білім ұялары тапшы аймақтарда салынады.

— Ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің бұрынғы мектептерден айырмашылығы қандай болмақ?

— Аты айтып тұрғандай, оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне барынша жайлы жағдай жасалады. Ең алдымен, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1 200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Жаңа мектептерде мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Сонымен қатар ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Жайлы мектептер салуда барынша ашықтық сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады.

— Болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан маңызды бастама екен. Тұрғындар саны жыл санап өсіп келе жатқан Шымкент қаласында жоба аясында қанша мектеп бой көтеретіні бізді қызықтырып отыр?..

— Жақында Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Маулен Айманбетовпен бірге Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес отырысын өткіздік. Жиында жобаны тиімді жүзеге асыру жайы жан-жақты пысықталды. Мектеп құрылысы үшін жер телімдерін рәсімдеу, инженерлік желілерді жобалау, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар нақтыланды. Құрылысқа отандық материалдарды пайдалану жайы сөз болды.
Рас, қаламызда халық санының өсу көрсеткіші жоғары, мектеп жетіспеушілігі мәселесі бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 37 700 орындық 25 мектеп пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде осы жоба шеңберінде 12 мектептің құрылысы басталады. Ал 13 мектептің іргетасы келесі жылы қаланады. Қазіргі таңда қаламыздың Ақжар шағынауданында (Арғымақ) 600 орындық мектептің құрылыс-жобалау жұмыстары басталып кетті. Мектептердің қуаттылығына келсек, 10 мектеп 2 мың орындық, 4 мектеп 1500 орынға, 8 мектеп 1200 орынға лайықталса, 900 орынға 1 мектеп және 2 білім ұйымы 600 оқушыға шақталған.

— Талай жылдан бері құрылыс саласында жауапты қызметтер атқарып келесіз. Облыс орталығына айналған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары ретінде көне шаһардың көркейіп, жаңа келбетінің қалыптасуына сүбелі үлес қостыңыз. Бұл жобаны да абыроймен атқарып шығуға біліміңіз бен тәжірибеңіз жетеді деп санаймыз.

— Облыстық, қалалық құрылыс басқармалары мен бөлімдерінде қатардағы маман да, басшы да болып қызмет атқардым. Түркістан қаласы әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары ретінде мол тәжірибе жинақтадым. Аз уақытта алып құрылыс алаңына айналған рухани астанада көптеген зәулім ғимараттар, мәдени-іскерлік нысандар бой көтерді. Көшелер толықтай жаңартылып, заманға сай абаттандырылды. Халықаралық деңгейдегі алпауыт құрылыс компанияларымен бірлесе жұмыс істеп, Түркістанды түлетуге бірге атсалыстық. Қиындықтар да аз болмады, есесіне шыңдалдық. Жинаған тәжірибемді ескерсе керек, Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруды жауаптылар маған жүктеп отыр. Сенімді ақтау үшін, балалардың шынында да жайлы, заманауи мектепте білім алуы үшін бар тәжірибем мен білімімді сарқа жұмсауға дайынмын.

— Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде тіркеліпсіз. Бұл мандатқа ұмтылудағы мақсатыңыз не? Бұған дейінгі кейбір депутаттар секілді жеке бастың қамы, бизнесіңіздің бүтіндігін көздеп жүрген жоқсыз ба?

— Өздеріңіз білесіздер, елімізде ауқымды саяси реформалар, жан-жақты жаңару үрдісі жүріп жатыр. Осындай маңызды сәтте жауапкершілікті тек үкіметке артпай, ортақ іске мен де үлес қосуым керек деп санадым. Алған білімімді, жинаған тәжірибемді осы кезде жұмсағанды жөн деп таптым. Мен сайлауға түсіп жатқан №16 сайлау учаскесі қаламыздың Қазығұрт, Құрсай, Ақтас, Ақжар секілді бірқатар шағынаудандарын қамтиды. Осы елді мекендерде тұратын туыстарым мен достарыма жиі барамын. Сонда жолдың нашарлығы, инфроқұрылым жүйесінің әлі де реттелмей жатқандығы жаныма батады. Шеткеріде тұратындардың салауатты өмір салтын ұстанып, заманға сай спортпен айналысуына жағдай жасалмағаны тағы бар. Қалаға кірер оңтүстік қақпаның, осында орналасқан елді мекендердің сұрқай тартып тұруы көңілге кірбің ұялатады. Әсіресе, Қазығұрт, Құрсай шағынаудандары арқылы өтетін күре жолдың жөнделмей, созбалаңға салынып жатқанына бірнеше жыл болды. Әбден тозығы жеткен жолман жүру өте қиын. Мәселені шешуге жергілікті биліктің мүмкіндігі бар, әлеуеті жетеді.
Осы тұста жергілікті депутаттар сауатты әрі белсенді жұмыс істеуі керек. Халық талабы орындалғанша, табандылық танытуы қажет. Осындағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етуге қарым-қабылетімнің жететіндігіне сенемін. Бойымдағы күш-қуатты елдің игілігіне жұмсағым келеді. Алланың разылығын, халықтың батасын алудан артық не бар дейсіз. Сондықтан тәуекел етіп, сайлауда бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Меніңше, қарапайым халық кейін емес, осы сәтте бақытты өмір сүруі тиіс. Жаңғырудың әсерін әрбір адам қазір сезінуі керек. Сайлауға түсудегі бар мақсатым — осы. Бизнесім жоқ, тендер үшін әкім-қараларға жалтақтамаймын. Алланың берген ырзық-несібесімен біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан жайым бар. Жеке бастың мүддесі үшін ардан аттаған, әділетсіздікке көз жұма қараған жерім жоқ.
AMANAT партиясының мүшесімін. Партия жаңа бағыт алып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жоспар бекітті. Бірқатар ауқымды жобаларды қолға алды. Мәслихатқа барып, игі бастамалардың нәтижелі орындалуына үлес қоссам деген ақеділ пейілім де бар.

— Мақсатыңызды білдік. Десек те депутат болып сайланғаннан кейін тұрғындарға берген уәдеңізді ұмытып кетпейсіз бе?

— Саған берілген қызмет, мансап — аманат. Әке-шешемізден, алдыңғы буын ағалардан аманатқа қиянат жасамауды бала кезде үйрендік. Шыншыл болуды, өтірік айтпауды, біреудің ала жібін аттамауды әуелден бойымызға сіңіріп өстік. Қай қызметте жүрсем де адал жұмыс істеуге, тапсырманы тиянақты орындауға, халықтың мүддесін бірінші орынға қоюға маңыз беріп келемін. Уәдесіне берік, шыншыл адамның қашан да жолы ашық, мәртебесі үстем болады емес пе?! Депутат болдым екен деп өмірлік ұстанымымнан айнып кете салмаймын ғой. Саяси додаға түсу — бірнеше рет ойланып, толғанып барып қабылдаған шешімім. Жауапкершілігі мол жұмыс екенін сезінемін.

— Имандылық жайлы айтып жатырсыз. Бұл бағытта ұстанымыңыз қандай?

— Бала кезде ақсақалдардың қолына су құйып, солардың батасын алып өстік қой. Дастархан басында абыздардың ақыл-cөздерін, өнегелі өсиеттерін көп тыңдадық. Жастық шақтан естіп өскен ұлағатты әңгімелер өмірлік бағыт-бағдарымызға айналды десек болады. Соңғы уақытта бес уақыт намазымызды түгендеп, бес парыздың бірі – қажылыққа барып қайттым. Айналамдағы достарым да иманды жандар. Бұл жайында көп айтып қайтем, имандылық әркімнің өзі үшін керек емес пе?!

— Қайырымдылық шараларына қатысып тұрасыз ба?

— Қайырымдылық жасау, бір-біріне көмектесу, әлсізге пана болу ата-баба жолы ғой. Осы жолды шамамыз келгенше ұстанып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек беріп жүрмін. Қарттар үйіне, балалар үйіне барып ондағы қамкөңіл жандардың көңілін көтеруге тырысамын. Мұнда тәрбиеленіп жатқан балаларға мемлекет тарапынан жеткілікті жағдай жасалған. Оларға тек ата-ананың жылулық сезімі, қамқорлық көзқарасы жетіспей жатады. Бүлдіршіндерге сыйлық беріп, бірге ойын ойнап, ағалық жанашырлығымды білдіріп қайтамын. Балалар да ішкі сырларымен, болашақтағы арман-мақсаттарымен бөлісіп мәз-мейрам болысады. Қызығы да сол ғой, бір-бірімізге мейірімділік танытуымызбен өмірдің мәні арта түседі емес пе?!

— Отбасында қандай әкесіз? Балаларыңыздың тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?

— Үнемі мемлекеттік қызметте жүргеннен кейін бала тәрбиесіне көп көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Десек те қолым қалт етсе, отбасымның жанынан табылып, соларға жылулық сыйлауға тырысамын. Алла берген екі ұл, үш қызым бар. Перзенттерімнің тәрбиесімен негізінен ата-әжесі, анасы айналысады. Олар балаларға барынша қазақтың салт-дәстүрін үйретеді. Салтымызға сай үлкендерді сыйлап, құрметтеуге, өзін әдепті ұстауға, айналаға қамқор әрі еңбекқор болуға баулиды. Білім алуды басты назарда ұстайды. Меніңше, балаға ұлттық тәрбие мен имандылықты ерте бастан дәріптеу керек секілді. Сонда соқпағы көп өмірде теріс жолға түсіп, жаман әдеттерге үйір бола қоймайды.

— Сізді жіті танитындар ат баптап, көкпар тартқанды ұнататыныңызды айтады. Рас па?

— Ия, жылқыны жақсы көремін. Әсіресе, сәйгүлік баптағанды жаным сүйеді. Жұмыстан шаршаған уақытта атқа мініп, сергіп қайтуды әдетке айналдырғанмын. Қазақтың қанында болғандықтан шығар, осыдан ерекше әсер аламын. Жүйріктің терін сүртіп, құйрық-жалын тарау ерекше демалыс сыйлайды. Ара-тұра көкпар тартып, тер шығарып тұрамын. Көкпаршы достарым да аз емес. Жалпы жылқы әр қазақтың баласына жақын ғой. Жас ұрпақты ұлтжандылыққа, намысшылдыққа, ержүректікке тәрбиелеуде жылқының орны ерекше. Жастар тәрбиесінде осыған маңыз беруіміз керек деп санаймын.

— Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Алдағы саяси додада сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан,
Алмас ДАДАБАЕВ