ӘШІМБАЕВ КЕДЕЙЛЕР САНЫНЫҢ АРТҚАНЫНА АЛАҢДАУЛЫ

Елімізде әлеуметтің әлеуеті жақсы деуге келмейді. Бүгінде табысы күнкөрісіне жетпейтіндердің саны өсіп барады. Мұны мемлекет басшысы да тілге тиек еткен болатын. Енді Сенат төрағасы да аталған тақырыпқа қатысты өз ойын білдірді.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның 12 өңірінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтындардың саны көбейіп келе жатқанын айтты. Нақтырағы, елдің тұрмысы туралы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда өз ойын ортаға салды.
Оның айтуынша, өңірлерді дамытудағы маңызды міндет – халықтың табысын арттыру. «Тұрғындардың табысын арттыру – реформалар тиімділігінің басты көрсеткіші. «Әділетті Қазақстанның» басты міндеті – ұлттық табысты әділ бөлу. Бүгінде халықтың жартысы барлық кірістің үштен біріне ғана қол жеткізіп отыр. Халықтың шамамен 5%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Өкінішке қарай, 12 өңірде кедейлер саны артқаны байқалып отыр. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және тағы басқа да облыстарда ахуал осындай» деді Мәулен Әшімбаев.