ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА БӨЛІНЕТІН ҚАРАЖАТ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

қазақ медицинасы қашан дамиды?

Халықтың өмір сүру сапасының артуы медицина саласына тікелей байланысты. Қала берді, коронавирус індеті аталған саланың қоғам өміріндегі маңызын айрықша арттырды. Ендеше талай ақ халаттының өмірін қиған қатерлі вирустан кейін Қазақстан медицинасы дамыды ма? Қандай нәтижелер бар? Тарқатайық…

Медицина елімізде ғана емес, жалпы жаһанда өзекті мәселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын табысы төмен және орташа елдерде 5,7 млн-нан 8,4 млн адамға дейін сапасыз медицинаның кесірінен көз жұмады. Бұдан бөлек әлемдік ауқымда қарастырар болсақ, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы барша талаптарға сай емес. Нақтырағы, әрбір сегізінше медициналық мекеме сумен қамтамасыз етілмеген. Әрбір бесінші орталықта санитарлық-гигиеналық қызмет атымен жоқ. Әрбір алтыншы мекемеде қол гигиенасы бойынша қызмет көрсету орны қарастырылмаған.
Ал қай елдерде жағдай жақсы? CEOWORLD журналының деректеріне сүйенер болсақ, Оңтүстік Корея, Тайвань және Дания инфрақұрылым, медицина қызметкерлерінің құзыреті, медициналық қызмет құны және сапасы бойынша үздіктердің көшін бастайды. Бұл тізімге ТМД мемлекеттері де енген. Әйткенмен жағдай аса жақсы емес. Ең жоғары көрсеткіш Беларуське тиесілі. Оның өзі 89 елдің ішінде небәрі 57-орынды місе тұтқан. Ресей 58-орыннан көрінсе, Украина 81-орынға тұрақтап отыр. Ал Қазақстан Украинадан кейінгі 82-орынға жайғасқан. Әзірбайжанның жағдайы бізден нашар. Нақтырағы, 86-орында тұр. Қарап отырсақ, ТМД мемлекеттерінің ешбірі әлемдік көштің басынан көрінетінге ұқсамайды. Мұның себебін табуға тырысып көрейік…
Медицина саласының дамуы бөлінер қаражатқа тікелей байланысты. Медицинаны қаржыландыру көптеген елдерде басым бағыт болып қала бермек. Соңғы бірнеше жылда бұл секторға бөлінетін қаржының өскенін айқын аңғаруға болады. Мұны Worldbank келтірген деректер растайды. Соңғы мәліметке сүйенсек, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын орташа қаржы әлемдік ішкі жалпы өнімнің 9,1-9,8 пайызына тең. Ал бұл тұрғыдан келгенде, ТМД мемлекеттеріндегі орташа көрсеткіш әлі де төмен. Тарқатып айтсақ, ең жоғары нәтиже Арменияға тиесілі. Мұнда ішкі жалпы өнімнің 11,3 пайызына тең қаражат аталған салаға жұмсалады. Украина мен Тәжікстанда саланы қаржыландыру деңгейі ішкі жалпы өнімнің 7,1 пайызын, Түркіменстанда — 6,6 пайызын, Молдовада — 6,4 пайызын, Беларусьте — 5,9 пайызын, Ресей мен Өзбекстанда — 5,6 пайызын, Қырғызстанда — 4,5 пайызын, ал Қазақстанда бар болғаны 4,5 пайызын құрайды. Осының өзі көптен хабар беретін тәрізді. Енді бұл қаржыны әрі қарай ішінара талдап көрейік. Оны азаматтардың жан басына шаққанда қаншадан тиеді? Қазіргі денсаулық сақтау шығындары жан басына шаққандағы орташа есеппен 1,1 мың АҚШ долларын құрайды. АҚШ пен Еуропаның көптеген елдері, атап айтқанда, Швейцария, Норвегия, Люксембург, Дания, Швеция, Германия азаматтарына ең көп ақша жұмсайды. Сәйкесінше, ТМД елдеріндегі ахуал әлі де төмен. Мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш небәрі 653,4 АҚШ долларын, Арменияда 524 АҚШ долларын, Түркіменстанда 500 АҚШ долларын, Беларусьте 399,4 АҚШ долларын, Молдовада 284,3 АҚШ долларын, Қазақстанда 273 АҚШ долларын құрайды. Ал Өзбекстанда 98,6 АҚШ доллары, Қырғызстанда 62,1 АҚШ доллары, Тәжікстанда жан басына шаққанда бар болғаны 61,9 АҚШ доллары болып отыр.
Қорыта айтқанда, еліміздің ахуалы адам қызығарлық емес. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен медициналық орталықтардың материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқанын жарыса жазып келеміз. Әйткенмен мұның өзі жеткіліксіз болып отыр. Ақ халаттылардың құқығын қорғаумен мәселенің шешілмесі анық. Сондықтан салаға бөлінер қаражаттың көлемін ұлғайту керек-ақ. Әйтпегенде туысының еміне қажет қаражат таппай, тапқан күннің өзінде, шекара асып, шетке кететін қазақстандықтардың саны азаймайтын тәрізді. Әрине, елдегі медицина саласының мүмкіндігі жоғары болса, ешкім де табаннан тозбас еді-ау…

С.НҰРАЙ.