КӘСІПОРЫН САПАЛЫ МАМАН ДАЯРЛАУ ІСІНЕ АТСАЛЫСАДЫ

Сапалы да білікті маманның саланы өрге сүйрейтіні белгілі. Сондықтан бүгінде көптеген мекемелер маман даярлау ісіне атсалысып келеді. Солардың қатарында еліміздегі сумен жабдықтау саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС да бар.

Тарқатып жазсақ, 2022 жылдың қазанында аталған мекеменің бас директоры Анарбек Орман және Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева салаға қажет мамандарды даярлау, оқыту, кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру бойынша бірлесе жұмыс істеу мақсатында екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Міне, осы бастаманы іс жүзінде жүзеге асыру бойынша жуырда мекеме басшылығы үшінші мегаполистегі орта арнаулы оқу орындарының жетекшілерімен кездесу өткізді. Жиын мақсаты – су мен кәріз жүйесінің білікті кадрларын даярлау мен кәсіпорынға жұмысқа орналастыру.
«Смарт-маман» оқу орталығы меморандум талаптарын орындауға жауапты болған еді. Орталық басшысы кәсіптік-техникалық білім ошақтарымен тікелей жұмыс істеу кезінде кездесетін кедергілерді тарқатып айтты. Яғни қазіргі уақытта колледждерге зертхананың, қосымша оқу ғимаратының болуы және санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталуы сынды талаптар қойылып отыр. Дегенмен бірқатар оқу орындарында зертхананың болмауы күрделі мәселеге айналуда. Жиын барысында тараптар екі жақтың пікірін ескере отырып, ортақ шешімге келді. Тарқата айтсақ, су және кәріз жүйесінің шебері мамандығы бойынша кадр даярлауды жекеменшік колледждер міндетіне алып, оқытады. Ал оларды өндірістік практикадан өткізу, кәсіби даярлау және еңбекпен қамту мекеменің құзырында. Құжаттар бойынша білім басқармасы, оқу орындары мен кәсіпорын бірлесіп жұмыс істейді. Алдағы жаңа оқу жылына бұл келісім өз нәтижесін беруі керек.