ЖАҢА НОРМА ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰНЫН ШАРЫҚТАТПАЙ МА?
Осы аптада Сенатта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырған болатын. Оған сәйкес, алдағы уақытта онлайн-платформалар өздерінің жұмысшылары үшін тиісті төлемді аударуы керек. Яғни бұдай былай арнайы бағдарламалардың көмегімен такси қызметінде жүрген азаматтарға да тиісті төлемдер төленуі мүмкін. Тарқатайық…
Ведомство басшысы әуелі аталған жаңа Әлеуметтік кодекстің маңызына тоқталып өтті. Айтуынша, астын сыза айтатын жаңалығы – жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру мәселесі. Жалпы Қазақстанда қолданыстағы 5 әлеуметтік тәуекел бойынша сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттар мен нақты экономикалық жағдайларға сәйкес келеді. Жүйенің негізі сақталады, әйткенмен мақсаты өзгеріске ұшырайды. Жүйе әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруды ғана емес, ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатын да көздеп отыр. Сәйкесінше, бұрындары көлеңкеде жұмыс істеп, пайдаға кенеліп отырған кейбір компаниялар жұмысын ресми түрде жүргізіп, жұмысшыларының құқығының қорғалуына баса назар аударады. Ал бұл жүйенің жұмыс істеуі үшін Салық кодексіне жалдамалы жұмыскерлері үшін біріңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізілмек.
Жаңа кодекстің тағы бір ерекшелегі, онлайн-платформа арқылы табыс тауып отырған азаматтар үшін салық режимі енгізіледі. Бұл ретте әуелі салық агенттері рөлінде онлайн-платформалар операторларын айқындауы тиіс. Сәйкесінше, міне солар жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемді жүргізеді. Сонымен қатар министр «тәуелсіз жұмыскер» ұғымы енгізілетінін де атап өтті. Бұл ұғым табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ азаматтарға қатысты болмақ. Бұл жайында ведомство басшысы «Егер тәуелсіз жұмыскер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл адамдар ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі» деді.
Енді дәл осы платформалардың операторлары салық агенттері ретінде қарастырылып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес, жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыруға міндеттелмек. Міне, сонда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қордан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда, оларға заңда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана берілетінін ұмытпаған абзал.
Министр аталған бастаманың такси қызметінің қымбаттауына әкелмейтініне сенімді. Өз сөзінде «Бұл қадамдар қызмет тарифінің өсуіне ықпал етпейді. Осы аптада таксистер қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, түсіндіреміз. Олардың шарттарында бюджетке бағытталатын төлемдер мен әлеуметтік аударымдар ескерілген. Олар онлайн-платформаларға немесе делдалдарға аударып жатқан комиссия төлемдері аясында жұмыс жалғаса береді. Бұл тұрғыда ешкімге де қосымша қаржылай жүктеме болмауы тиіс. Бұдан бөлек, тіркеуге тұру үшін қосымша құжаттар да қарастырылмаған. Өйткені бұл адамдар аталған онлайн-платформамен жария шартты осыған дейін бекіткен болатын» деді ол. Қош делік, мұның қызмет құнына әсер етпейтін министр қанша айтқанымен, іс жүзінде қалай құбылары белгісіз…