АРДАГЕРЛЕРГЕ АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – сумен жабдықтау және су бұру бойынша еліміздегі ең ірі оператор. Бүгінде аталған мекеме үшінші мегаполисті сумен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Сәйкесінше, мекеме қызметі қашан да ашық әрі қолжетімді. Кез келген тұрғын көкейдегі сұрақтарына жауап ала алады. Бұдан бөлек, мекеме басшылығы орталықтың қызметін жіті таныстыру мақсатында түрлі бастамаларға ұйытқы болып келе жатыр. Жуырда міне сондай шараның бірі өтті.
Нақтырағы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелеріне кәсіпорын нысандары бойынша арнайы ақпараттық тур ұйымдастырылды. Алдымен ардагерлер кәріз-тазарту имараттары кешенінің жұмысын бақылады. Тазарту қондырғылары кешенінің басшысы Ирина Казаринова аға буын өкілдеріне кешен жұмысын, кәріз ағынын өңдеу кезінде қолданылатын технологиялар және жалпы кәсіпорын жұмысы жайында кеңінен ақпарат берді. Өз сөзінде Тазарту қондырғылары кешенінің басшысы «Біз Қазақстанның, тіпті ТМД елдерінің қалаларында жоқ нәрсеге қол жеткіздік, өйткені біз саладағы көп тұстарды жіті қарап, оған қатысты технологияларды енгіздік. Тұтыну барысында су үнемдеуге қажетті есептегіштерді орнатуды бірінші болып бастадық. Бүгінде қалалықтардың 100%-ында су есептегіш құралдары орнатылған. олар тек тұтынған суы үшін төлейді» деп атап өтті.
Ардагерлердің дені тазарту кешеніне алғаш рет келіп отыр. Сондықтан кәсіпорын қызметі олар үшін үлкен жаңалық болды. Жиын барысында аға буын өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Кешен жұмысын бақылаған еңбек ардагері Намазбай Орманов атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар «Жақсы дамыған технология — бәрі қайта өңделеді және бәрі өте ұтымды қолданылады! Пайдаланылған тұнба тыңайтқыштарға, ал тазартылған су техникалық дақылдарды суаруға кетеді. Бұл өте маңызды, өйткені алдағы жылдары су тапшы болады деген ақпарат бар. Ол — үлкен мәселе» деп өз ойын ортаға салды еңбек ардагері.
Бұдан бөлек, кәсіпорын нысандарына жасалған ақпараттық тур аясында Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған семинар-кеңес те өтті. Онда әуелі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Қошқар Нөсеров әріптестеріне ұйымның қызметі туралы айтып берді. Айта кету керек, кәсіпорын тарапынан еңбек ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Оларды әр мерекеде назардан тыс қалдырмай, құттықтау жолдайды, туған күніне сыйлықтар береді және қолдау ретінде азық-түлік жиынтығын жеткізеді. Қарттар күні мекемеде міндетті түрде аталып өтеді.
Бұдан кейін сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев кәсіпорын тарапынан аға буынға көрсетілетін құрмет пен ізетке, қолдау шараларына алғысын білдірді. Бейнетінің зейнетін көріп отырған аға-апалар кәсіпорындағы жаңашылдық пен жүйелі жұмыстың жанданып жатқанына разы. Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырған бұл семинар-кеңесінде тағы бір жаңалық айтылды. Яғни жыл соңында Шымкенттегі «ең үздік ардагерлер бастауыш ұйымына» қолдау ретінде 500 мың теңге жүлде тағайындалатын болды. Ал «Су ресурстары-маркетинг» кәсіпорнының басшылығы қалалық ардагерлер кеңесіне республикалық, жергілікті газеттердің 15 түріне жазылу ұйымдастыратынын жариялады. Апта сайын қалалық және аудандық ардагерлер кеңесіне 610 дана газеттер жеткізіледі.
Сондай-ақ жиын барысында сөз алған «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман «Сіздердің жүрген жолдарыңыз, істеріңіз өнеге. Бізге мықты талпыныс береді. Кәсіпорнымыз 2022 жылы Президенттің «Алтын Парыз» номинациясын иеленді. Экологияға қосқан үлесіміз үшін. Бұл үлкен жұмыстың нәтижесі. Енді осы шаруашылыққа жаңа технологияларды ендіру міндеті тұр. Қолдау көрсеткен сіздерге алғысымды айтамын» дей келе, наурыз мерекесі қарсаңында ардагерлер кеңесіне өз атынан 1 млн теңге бөлетінін мәлімдеді.