ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ НАРЫҚТАҒЫ ҮЛЕСІ ТӨМЕНДЕГЕН

жеңіл өнеркәсіп қашан жанданады?

Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Өйткені бүгінде аталған сала тұрғындарды жұмыспен қамтуда айрықша мәнге ие. Сонымен қатар бюджеттің бүйірін толтыруға қосар үлесі де орасан. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта отандық өндірісті дамытып, шеттен келетін тауарларға деген тәуелділікті азайту жөнінде жиі айтыла бастады. Әсіресе, солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардан кейін бұл тақырыптың маңызы арта түсті. Өйткені логистикалық тізбектің бұзылуы импорттық тауарлар құнын көкке бір-ақ ұшырды. Қош делік, осыншама үміт артқан сала өзіне жүктелген міндетті қалай атқарып жатыр? Саралап көрейік…

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр еліміздегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жалпы өндірген өнімінің көлемі 178 млрд теңгені құраған. Осылайша құндық мәндегі өсім бір жылда 27,1 пайызды көрсетіп отыр. Дегенмен мұның өзін жоғары нәтижеге балап, арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Өйткені мұнша өсімнің бір ұшы елімізде ғана емес жалпы әлемде болып жатқан қымбатшылыққа келіп тіреледі. Ал нақты мәндегі қазақстандық өнім көлемі бір жыл ішінде 6 пайызға өскен. Рас, бастысы өсім бар. Әйткенмен Қазақстандағы тұтыну нарығы бұдан анағұрлым өсіп шыға келген. Шығатын қорытынды біреу, шағын және орта кәсіпкерлік ішкі нарықтағы орнын нығайта алмаған. Керісінше, көрсеткіші төмендеп отыр. Бұл туралы Еnergyprom.kz хабарлады. Бір қызығы, шығарылатын өнімнің жартысынан астамын дайын емес, көбіне шикізат санатына кіретін тоқыма бұйымдары құрайды. Сонымен қатар 61,3 млрд теңгенің киімі, 15,5 млрд теңгенің былғарыдан жасалған бұйымдары өндірілген. Бұдан бөлек, өнеркәсіптің кейбір нақты салаларында өсім айқын аңғарылады. Мәселен, ерлердің сыртқы киімдері өндірісі 11 пайызға артса, сәбилерге арналған киімдер тоқу 3 есеге көбейген. Жалпы орташа алғанда өндіріс көлемі барлық салада 15-20 пайыз өсім көрсеткен.
Осы тұста өңірлерге ойысайық. Жеңіл өнеркәсіп негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде шоғырланған. Нақтырағы, еліміздегі аталған саладағы кәсіпорындардың жартысынан астамы Алматы, Түркістан облыстары және Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан. Сөз жоқ, көш басында Шымкент қаласы тұр. Үшінші мегаполисте еліміздегі ең ірі «Бал Текстиль» кілем фабрикасы, нәрестелерге арналған залалсыздандырылған киім шығаратын «KazTexIndustry» компаниясы мен мақта жіп шығаратын «Azala Cotton» кәсіпорны орналасқан. Кәсіпкерлердің оңтүстік өңірлерге шоғырлануының да өзіндік себебі бар. Өйткені бұл аймақтар шикізат көзіне жақын. Сонымен қатар арзан жұмыс күші бар. Дегенмен мұның өзі өндірістің көлемін арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің әлеуетін арттыруға жеткіліксіз.
Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін, нақты статистикаға тоқталайық. Өткен жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында Қазақстанға 1,5 млрд АҚШ долларына киім импортталған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,8 пайызға артық. Бұл ғана емес, жалпы жыл сайын шеттен киім әкелу үрдісі белең алып, көлемі артып барады. Пандемияға дейін Қазақстанға киім жеткізуші көшбасшы ел Ресей болатын. Бірақ пандемия кезінде ресейлік өнімдерді Қытайдың тауарлары ығыстырып, бірінші орынға шықты. Жалпы импорттық өнімдердің 49,8 пайызы дәл осы елге тиесілі. Одан кейін Түркия тұр – 19,1 пайыз, Ресейден келетін тауардың үлесі 18 пайызға жуық, Италия мен Өзбекстанның үлесі, шамамен, 2,5 пайыздан келеді. Өз халқымызды киіндіре алмай жатқанымызға жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,1 пайыз болып отырғаны да дәлел. Ал Өзбекстан экономикасындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі – 8,8 пайыз. Жоғарыда атап өткен отандық өнім өндірісі жыл сайын өскенімен ішкі нарықтағы сұраныстың арту жылдамдығына ілесе алмай келе жатыр. Сәйкесінше, оның нарықтағы орнын ала шапанды я ала тақиялы ағайынның тауары басуда. Осындайда отандық өндірісті дамытуға құлықсыз кәсіпкерлерге кінә артамыз. Әйткенмен ол толықтай бизнес өкілдерінің бақылауындағы мәселе емес. Кәсіптің қыр-сырын білетін кәсіпкер шаш-етектен шығынға бататын салаға қалайша қаржы құйсын? Өйткені киім-кешек өндірісінің алға жылжуы үшін тоқыма өнеркәсібі дамуы тиіс. Ал бұл салада мәселе көп. Терінің өзін кәдеге жарата алмай, қоқысқа тастап жатқанымыз айтпай-ақ қоялық…
Қорыта айтқанда, қазақты қытай мен орыс киіндіріп отыр. Қала берді, сауда сөрелерінде өзбек пен қырғыз ағайынның да өнімі көбеюде. Оңтүстіктегі көршілеріміз жеңіл өнеркәсіпті дөңгелетіп әкетті. Тіпті, әлемдік ірі брендтердің көзіне түсіп, қаржы құюына ықпал етті. Ал бізде саладағы мәселелер әлі де шешімін табар емес. Отандық өнім көлемі өсіп жатқанын жарыса жазамыз. Әйткенмен әлеуметтің сұранысын қанағаттандыра алмай, нарықтағы орнымызды өзгелерге босатып берудеміз. Жауапты министрліктер жақ ашар емес. Соған қарағанда, отандық өнім әлеуетінің артуы емес, қағазға түсер санның көбейгені ғана керек болып отырған сыңайлы. Басқа себеп көріп отырғанымыз жоқ…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.