КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы қалай өзгеретінін тарқатып айтты.
Ведомство басшысы Сенатта Әлеуметтік кодекске жаңа «Аналарды марапаттау» ұғымы енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көпбалалы аналардың еңбегін бағалау және құрмет көрсету ретінде енгізілген. Ол «Күміс алқа» және «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі. Өз сөзінде министр «Марапатталған аналарға төленетін жәрдемақының мөлшері де сараланады. Бүгінгі таңда алты, жеті және одан да көп бала туып, өсірген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. 7 және одан да көп баласы бар аналарға төленетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін өседі» деді.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған анаға қатысты болмақ.
«Уақыт».