ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

ал баға неліктен шарықтап барады?

Бүгінде әлеуметтің ең жиі көтеретін мәселесі – қымбатшылық. Әлемде орын алған геосаяси оқиғалардан кейін базардағы баға тұрақталмай-ақ қойды. Жасыратыны жоқ, қазақстандықтар айлық жалақысының негізгі бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Ал тауар бағасының құбылуына келсек, шенділер түрлі себеппен ұштастырып жатады. Бірі логистикалық тізбектің бұзылғанын айтады. Енді бірі алып-сатарлардың әрекетіне балайды. Әйткенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар іс атқарылып жатқанын жоққа шығармақ емеспіз.

Кейде оның өзі тиімді нәтиже бермей жатқанын аңғарып қалатынымыз бар. Өткен жылы болған қант тапшылығы – мұный айқын айғағы. Осы тұста қалың көпшілікті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы қоры қанша екені қызықтыратыны белгілі. Жуырда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл салада алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қор 1 млн тоннаны құрап отыр. Өз сөзінде министр «Өңірлердің жедел деректеріне сәйкес, осы жылдың 2 ақпанына республика бойынша 1 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры бар. Оның ішінде кәсіпорындарда, көкөніс қоймаларында — 519 мың тонна, қоймаларда – 194,7 мың тонна, сауда желілерінде – 183,3 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 24,4 мың тонна. Әкімдіктер өткен жылдың күзінен бастап осы жылдың маусымаралық кезеңінде нарыққа реттеуші әсер ету үшін көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Біз өз тарапымыздан әкімдіктерге «инфляциялық кезеңде» ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін көкөністер бойынша ұсынылатын көлемді жеткіздік» деді.
Қош делік, әдетте маусымаралық кезеңде кейбір тауар түрлері тапшы болып, бағасы күрт қымбаттайтыны барша жұртқа белгілі. Міне, сол тауарлардың қатарында картоп та бар. Бұл бойынша министрліктің өз жоспары бар болып шықты. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, қазіргі таңда тапшылық байқалмайды. Бұдан бөлек, маусымаралық кезеңде сату үшін павлодарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 20 мың тонна картопқа меморандум жасалған. Ал мамыр айынан бастап ішкі нарықтағы сұранысты оңтүстіктегі көршілерімізден жеткізілетін 5,1 мың тонна, шілде айында Түркістан шаруалары жинайтын ерте пісетін картоптың 4,9 мың тонна өнімімен жабу көзделіп отыр. Әрине, мұның барлығы жоспар екенін ұмытпауымыз керек. Қағаздағы мінсіз ақпараттың ақыры қант тапшылығымен жалғасқанын жақсы білеміз. Сондықтан сенімнен күдіктің басым екені белгілі.
Қала берді, ақпан айындағы деректерге сенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны бір жылда 23,3 пайызға өскен. Оның ішінде пияз, күріш, сүт және сәбіздің бағасы аспандап барады. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жергілікті әкімдіктерге бағаны ауыздықтауға қажет қаржы бөлінген. Әйткенмен бөлінген соманың өзін тиісті деңгейде жұмсай алмай отырғандар бар. Мәселен, Маңғыстау облысына қымбатшылықты құрықтау үшін 3,6 млрд теңге бөлінген. Әйтсе де белгілі де белгісіз себептермен оның 2 млрд теңгесі әлі іске қосылмаған. Міне, осылайша жергілікті әкімдіктердің салғыртығынан базардағы баға әлеуметтің қалтасына ауқымды салмақ салып отыр. Қош делік, қор жеткілікті, әйткенмен баға шарықтап барады. Министрлік әкімдікке, әкімдік алып-сатарға бар кінәні артып, біраз уақыт өтті. Ал мәселе қашан шешіледі? Бұл сауалға әзірге ешкім нақты жауап бере алмайтын тәрізді…

С.НҰРАЙ.