МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ НАСИХАТТАУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Елімізде кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілер көмек көп. Соның арқасында белгілі бір кәсіпті меңгеріп, жұмысын жүйелендіріп отырған азаматтар да баршылық. Өз кезегінде, мұндай бағдарламаларды баршаның бірдей білмесі тағы бар. Сондықтан Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау ісі қарқынды түрде жүргізіліп келе жатыр.

Ата айтсақ, Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Келес аудандық филиалы өткен жылы қаржы тапшылығынан кәсіп аша алмай жүрген 300-ден астам кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар 40 азаматқа нақты қызмет көрсеткен. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Келес аудандық филиалының директоры Еркебұлан Маденовтың айтуынша, кәсіпкерлерге дер кезінде қажетті көмектер беріліп келеді. «Өз бизнес жоспарымен келген кәсіпкер немесе кәсібін бастағалы жүрген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдауларды таныстырып, тиісті қаржы мекемелеріне бағыттадық. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен-Түркістан» микроқаржылық ұйымынан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыған 3 тәлімгерге 11,6 млн теңге, «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ мекемесі арқылы 27 млн теңге, сондай-ақ «Ырыс» МҚҰ-нан 108 млн теңге көлемінде несие алуға құжаттар пакетін дайындауға көмектестік» деді филиал директоры.
Жалпы Түркістан өңірінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқандардың қатары артып келе жатқанын айрықша айта кету керек. Өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып отырған жандар қатарының қалыңдауы әлеуметтің әлеуетіне айрықша әсер етері тағы бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.