ОБЛЫС ӘКІМІ БАЛАЛАРДЫ ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Түркістанда «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты ҚР Президентінің атынан өткізілетін балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті. Ертегілер мен мультфильм кейіпкерлері балалардың көңіл-күйін көтеріп, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Аз ғана уақыттан кейін жаңа 2023 жыл табалдырығымыздан аттайды. Бұл – баршамызға жайдары көңіл-күй мен зор үміт әкелетін айрықша сәт. Тарихымыздың төрінде екі жылдың тоғысқан сәтінде айтылатын ақ тілектің орны бөлек. Әрбір адамзат баласы жаңа жылдан жақсылық күтеді. Бұл – табиғи дүние. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды өткен жылғы жаңа жылмен құттықтау барысында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде – ұрпақтың болашағына баса мән беретіндігін, жастарға зор үміт артып, жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көретінін жеткізді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді» деді өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы.
Мерекелік шарада әуелеген ән мен мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады. Балаларға мерекелік арнайы сыйлықтар үлестіріліп, шара жоғары деңгейде аталып өтілді. Айта кетейік, ағымдағы жылы денсаулық сақтау мекемелерінде 1602 бала арнайы оңалту емін, 3892 бала сауықтыру емін қабылдаған. Республикалық оңалту орталықтарында 507 балаға орын берілген. Қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 22 324 бала бюджет есебінен тегін демалды. Балалар үшін музейлерге, кітапханалар мен театрларға тегін жолдамалар берілуде.