«БІЗ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАР МІНДЕТ ӨТЕ АУҚЫМДЫ»
Қоғам қашан да алдыңғы аға буынның өнегесі мен өмірін үлгі етеді. Соларға қарап бой түзейді. Бағытын айқындайды. Сондықтан қоғамның сан түрлі саласында қызмет етіп, тер төккен азаматтардың айтарын кейінгі буынға жеткізіп отырудың маңызы зор. Осы орайда, газетіміздің осы санында көптеген қызметтерді атқарған абыройлы азамат Бахтияр Өнербаевпен болған сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз…
— Бахтияр Әлтайұлы, сіз өніп, өскен отбасында бір ата, бір анадан өрбіген сегіз ұл, екі қыз бар екендігінен хабардармыз. Әуелгі әңгімені ағайын мен отбасын таныстырудан бастасақ қалай қарайсыз?
— Ұсынысыңызды толық қабыл алайық, Серікбай аға. Ақыры толық таныстыру мәліметтері жүріп жатыр ғой, сондықтан өзімнен бастайын. Жасым елудің қақ ортасына келді. Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкеміз Әлтайдың шаңырығында сегіз ұл, екі қыз өстік. Анам Жанат 33 жасында «Батыр ана» атанған. Мен – отбасындағы ата-анамның алтыншы ұлымын. Бүкіл қазақтың төбе биі болған Төле бабамыздың жетінші ұрпағымын. Екі үлкен ағам — Әлжан мен Нұрлан, жеңгелерім де өнер саласының айтулы мамандары. Заң және әлеуметтік салада еңбек еткен Ерлан мен Қанат ағаларым өмірден озған. Марат ағамыз авиация қызметкері, атаның қара шаңырағы інім Жеңістің қолында. Інім Еркен Алматыда, қарындасым Гүлнұр Шымкентте кәсіпкерлікпен айналысады. Тағы бір қарындасым Айнұр Алматы облысында ұстаздық жұмыспен айналысады. Өмірлік қосағым Ғалия – заңгер, ұлым Мирас – Алматы қаласының прокуроры, қызым Жамилия – жас ақын, журналист. Өнербай бабамыздың ұрпақтары өмірден өз жолдарын тапқан, адамгершілікті, азаматтықты басты ұстаным ретінде қабылдаған, ата атына лайық жандар.
— Өнербай баба аты өнер өлкесінде бүкіл қазақ әбден таныған дарынды әнші Нұрлан Өнербаев арқылы белгілі. Мұндай тума қасиет әулеттеріңізде кімдерге дарыған? Өзіміз жүздесіп отырған Бахтияр Өнербаев мырза ән салып, домбыра шерте ала ма?
— Тегіміз Өнербай атамыздың атында болғаннан кейін бе өнерден тыс қалғанымыз жоқ. Ән айтамыз, гитарада жақсы ойнаймыз. Әсіресе, арамызда Әлжан, Нұрлан ағаларымыз бен Айнұр, Гүлнұр қарындастарымыз әнді жақсы айтады. Әрине, бес саусақ бірдей болмайтыны секілді олардың бәрі өнер саласын таңдаған жоқ. Әрқайсысының өз жүрек қалауымен таңдаған өз жолдары бар. Үлкендеріміз өнер өлкесінде өзгелерге өнеге болса, қалғандарының қатарында кәсіпкер, заңгер, авиатор, мұғалім бар. Солардың арасынан мемлекеттік қызметті таңдаған мен ғана болдым. Міне, отыз екі жылдан бері осы мемлекеттік қызмет саласында үлкенді-кішілі жұмыстарды атқарып келе жатырмын. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетінде 1991 жылы инженер-химик мамандығын алып шыққаннан кейін, алғашқы еңбек жолымды өзім диплом алған университет қабырғасынан бастадым. Бір жылдан кейін Алматы қаласындағы коммуналдық бөлімнің маманы болып ауысып, бес жыл бойына қызмет атқардым. 31 жасымда Алматы қаласындағы Жетісу ауданыны әкімінің орынбасары лауазымын атқаруға кірістім. 2003-2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында бөлім меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі қызметінде жалғастырдым. Үш жылдай ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттар әкімшілігі комитетінің Алматы қаласы Соттар әкімшісі қызметін маған сеніп тапсырды. Одан кейінгі үш жылдай уақыт ҚР Жоғарғы Соты жанындағы соттар әкімшісінің бірінші орынбасары және ҚР Жоғарғы Сот жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ететін департамент басшысының бірінші орынбасары лауазымында болдым. 2012-2014 жылдар арасында Парламент Сенатының аппараты халықаралық қатынастар , қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі секілді жауапты жұмыстарды қолдан келгенше абыроймен атқардым. Өмірде мол тәжірибе жинадым, қай салада болмасын өзімнің білімім мен біліктілігімді көтеруді назардан тыс қалдырған емеспін. 2014-2016 жылдар аралығында ел басшылығында отырған ағаларымыз маған Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін тапсырып, қолдан келген мүмкіндікке сай еңбек еттік. 2016-2020 жылдар аралығында Алматы облысындағы Текелі қаласының әкімі міндетінде болып, біршама тірліктерді жүзеге асырдық. Бұның барлығы оңайлықпен атқарылған жоқ. Лауазымға сай болу айтуға ғана оңай шығар, ал шындығында ол үлкен іскерлікті, жауапты міндеттерді жүзеге асыруды бірінші қатарға койды. Алматы облысы әкімінің Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңесшісі қызметіне барғаныма бірер ай өткенде, яғни 2020 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы департаментінің басшысы болып тағайындалып, қазірге дейін осы лауазымды атқарып келемін.
— Өзіңіз басқарып отырған департамент — адамдарға көмек қолын ұсынатын бірден-бір демеуші әрі жәрдемші мекеме. Міндеті мен көрсетер қызметіне талдау жасап өтсеңіз.
— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсетудің 14 түрін жүзеге асырады. Соның бірі — «Мүгедекті еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеудің қажетті әлеуметтік шараларын айқындау». Бұл медицина саласымен тікелей байланысты. Азаматтар өз денсаулықтарын қанша күткенмен, қатерлі аурулар олардың организміне кері әсер етеді. Кейде оған денсаулық сақтау саласындағы мамандардың да шамасы келмей қалатындығын жасырып, жабудың қажеті жоқ. Санаттар бойынша ондай жандарға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Емдеу орындарына, демалыс аймақтарына жолдамалар беріліп, ауыр жағдайдан шығаруға мемлекет тарапынан тиісті көмек ұсынылады. Қызмет көрсетудің 14 саласы жәрдемақы және басқа төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, бас тарту бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Осынау соңғы 13 қызмет көрсету түрлері толық автоматтандырылған. Алдыңғы біріншісі жартылай автоматтандырылып, қазір пилоттық режимінде сырттай куәландыру жүріп жатыр. Шымкент қаласында 37 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 2828-і сырттай куәландыруға 12 назалогия бойынша жатады. Зейнет-жәрдемақы алушылар – 293 мың адам.
— Біреулер қызмет сапасына шынайы ризалық білдірсе, енді біреулер сәл де болса наразылық білдіріп, өкпе артады? Нәтиже шығару қай деңгейде екендігіне басшы ретінде байыпты баға бере аласыз ба?
— Әрине, басым көпшілігі біз көрсеткен, өздері алып жатқан қызмет түрлеріне байыптылықпен толық деңгейде қанағаттанатындарын білдіріп жатса, арасында көңілі кей істерге толмайтындар да кездеседі. Әсіресе, мүгедектігін жеңілдеткен кезде оған наразылықтар айтылады. Біз ондай адамдармен, жәрдем алушылармен арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Нәтиже шығарудың басым көпшілігі сол орта буында, мемлекеттік қызметкерлер үшін кездесетін ауыртпашылық өте жоғары. Сондықтан біз өз міндеттерімізге деген жауапкершілікті бірінші қатарға коюды басты ұстанымымыз санаймыз.
— Өмірге лайықты беретін өзекті, ойлы бағаңыз бар ма? Заман ағымына талдау жасасаңыз, несіне көңіліңіз толады, қандай жағдайға қарныңыз ашады?
— Өмір деген — Алланың тіршілік иелеріне берген сыйы, Алла өзі өмірді береді және алады. Пенде болғаннан кейін адамдар, әсіресе жастарымыз өзіне қол жұмсап, қиыншылыққа төзбей, жеңіліп жатады. Адам деген ең әуелі еңбектену қажеттілігін санасынан тыс қалдырмай, талпынысын жоғалтпай, жақсылыққа ұмтылып, әр күніне арнап үлкен мақсат қоюы тиіс. Оған жету үшін ақыл, ой, парасаттылық, ұмтылыс пен қажыр керек. Бұлар саналы сезім иесінің назарынан тыс қалса, оның соңы жақсылыққа емес, құлдырауға апарады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің қара сөздерінде халыққа, адамзатқа осындай бағдарланған бағдаршам көрсетіп кеткен. Бүгін мен келешек үшін Абай атамыздан жастарымыз үйренсе, бар ақылды оқып, жадынан шығармаса, одан жаман болмайды деп сенемін.
Өмір деген алып күш,
Тас бұғауды бұзатын.
Басса да жерді қалың мұз,
Жарып оны шығатын.
Өмірге деген құштарлық,
Шөпке де әлсіз күш берер.
Күштілігі соншалық,
Жолында жатса тас тесер.
Кейде шығар емендер,
Биік тұрған жартасқа.
Неге шықты демендер,
Таппағандай жер басқа.
Көрсін деп тұр емендер,
Мықтылығын өмірдің.
Білсін деп тұр емендер,
Күштілігін өмірдің.
Өмірдің өзі үздіксіз күрес екен, болашаққа сеніммен қарап, қарсы тұра білсе, алынбайтын қамал, аспайтын асу болмайды. Қандай қиыншылық болса да өмірге деген құштарлықты, сенімді, үмітті жоғалтпау керек екен. Қазіргі заманның «әттең-ай» деген осал тұстары бар екендігін мен он жыл бойына өмір үшін күрескен өз перзентім Жәмилияның басына түскен адам төзбес қиындықтың өн бойынан көрдім, сездім, серпілуге тырыстым, жастар жөнінде азырақ қаталдау айтып жатқаным да сол себептен. Күрес, сенім, жеңіс дегеннің не екендігін, қандай болатындығын көзіммен көріп, басымнан өткердім. Қарным ашатын нәрсе –қазақ деген халықтың атын иемденіп, небір зұлмат күндерді басынан өткізіп, қиындық пен қасіреттің бұғауына шырмалған ұлт бола тұрып, анамыздың сүтімен дарыған тілімізден, салтымыз бен дәстүрімізден, тарихымыздың талайынан айырылып қалдық. Бұл — ащы шындық. Көңілімізде аз ғана барымызға қанағаттандыратын шектеулер бар екендігіне кейде терең бара бермейміз. Жалған қанағатшылық пен барды місе тұту бізді адастыратын жол. Осыған керемет қозғау салмасақ біз күндердің күнінде елдігімізден, егемендігімізден, жерімізден ажырауымыз мүмкін. Біздің бабаларымыз алмас қылыштың жүзімен, ақ найзаның ұшымен не үшін жауына қарсы тұрды, кім үшін күресті? Келешек үшін білектің күшімен көп нәрсені тарихта қалдырды, ұрпаққа ұлағатты түрде аманат етті. Біздің жастарымыз қолдағы барымызды жоғалтатын болсақ, әруақтың алдында да, Алланың алдында да кешірілмейтін қасіретке ұшыраймыз. Адаспау үшін, болашағымызды жоғалтпау үшін білімге, ғылымға деген құштарлық, ертеңге деген сенімімізге селкеу түсірмейтін қастерлі қасиет өн бойымыздан бір сәтке де алыстамауы тиіс. Қарын ашыратын кереғар қасірет санамызды уламағаны қандай ғанибет.
— Бахтияр Өнербаев мырза, жаңа Қазақстан деген жаңа ұғым, жарқын келешекке деген сенім әр қазақстандықтың санасында серпіліс туғызып жатыр. Ата заңымыздың ауқымды бағытын айқындау үшін референдум өткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына сайлаудан соң өзінің жүрекжарды Үндеуін жолдады. Байыпты бағыт белгіленді. Талай жауапты лауазым тізгінін ұстаған сіздің көзқарасыңызды білсек деген ойдамыз. Не дейсіз, не күтесіз, не болатынына сенесіз?
— Біз тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді алғалы бері 30 жыл өтті. Бұл тарих үшін қас қағым ғана сәт. Жаңа Қазақстанды орнықтыру үшін, елдігімізді көтеру үшін, жаңа дәуірге деген болашақтың бағыты белгіленді. Біз үлкен жолға түсуді енді ғана тереңірек жоспарлап жатырмыз. Өзгеріс, келешекке деген келелі ниет енді ғана басталды деп ойлаймын. Біз жүзеге асырар міндет өте ауқымды. Ол бір күнде, бір айда, бір жылда орындалып, армандарымыз бен мақсаттарымыз әп-сәтте орнай қалмайды. Адаспауымыз, айбынды, ауқымды міндеттерді орындап, орнықты мемлекет орнату бізден телегей теңіз жұмыстарды талап етеді. Ол — әрқайсымыздың бірлесе атқарар баянды міндеттеріміз. Сол жақсы күндер жадымызды жаңғыртып, өмірімізді жақсарту үшін, қолымыздан келер нәрсені атқаруымыз керек деген ойдамын.
— Қолыңызға үлкен лауазымды билік берілсе, нені өзгертіп, нені жақсартып, жаңартар едіңіз?
— Ең бірінші — қарапайым халыққа қалыпты ғұмыр кешудің жағдайын жасар едім деген ниетім бар. Әрбір отбасы несиенің «тұтқынына» айналды. Қымбатшылық та жүйкені жұқартып, адам жанын жабырқатуға апарып тіреді. Адамдарды жұмыспен қамтуды бірінші кезекке қойып, әсіресе жастарды соның алдыңғы шебіне шығаруды кезек күтпейтін міндет қатарына жеткізсем деймін. Әр шаңырақ иесі өзінің қаржысын тауып, отбасын толықтай асырай алуы — ең басты қажеттіліктердің қатарында болуы тиіс. Жеке кәсіпкерлікті дамытып, мемлекеттен халыққа қайтарымсыз гранттар бөлу, кепілмен қаржы ұсынып, тұрмысты түзетудің ең оңтайлы жолдарын қарастырсам деп ойлаймын. Ұрпақ тәрбиесі, білімге, денсаулыққа көбірек көңіл бөлуде, жалақыны арттыруда адамдардың мәртебесін көтеріп, оларға сыйластықпен қараудың жүйелі жолдарын ретке келтірсек деген де басты ұстанымдарым бар. Отанын қорғау — әр азаматтың абыройлы міндеті. Бұрын әскерге барып келу үлкен мәртебе болатын, ал қазір сондай құрметтеу төмендеп кетті. Осының алдын алсам ба деймін.
— Адам армансыз болмайды, ол әркез қиялында қалықтап тұрады. Сол асқақ арман сіздің санаңызда сарғайып жата бере ме, әлде оның жолын тауып, асқар биіктерге көтере аласыз ба? Әлде бұл да арман ба?
— Армансыз адам болмайды. Ал бала кездегі арман бөлекше. Мен де жастық шақтағы, еңбекке енді арласқан кездердегі армандардың үдесінен шығу үшін үлкен жолдан өттім. Қазір қиялымда елім аман, жұртым тыныш, Отаным бейбіт күн кешіп, бауырларым аман болса екен деп армандаймын. Ата-ана ретінде, ұл ұяға, қыз қияға қонса арманым орындалады. Ұрпақ өсіп, олардың санасы салиқалылықпен биіктей берсе, Алла алдында түзу жүріп, иманымыз жоғалмаса екен.
— Тәуелсіз еліміздің отыз жыл ғұмырында нені арзан, нені қымбат деп азамат ретінде жеке бағалай аласыз? Ашып айтып көріңізші.
— Тәуелсіздік — әр елдің ғұмырында теңдесі жоқ жақсылықтың басты бақыты. Ашығын ашынып айтудан сескенбей, өз бағамды бере аламын. 30 жыл тарих үшін аса көп мерзім емес. Бірақ бір өкініштісі, біз көп нәрсені жоғалттық, енді соны түзей алсақ қане. Тәуелсіздік ғұмырында, дәлірегі адамдардың адами қасиеті арзандады, адамгершілік құнын жоғалттық, барлығы арзан ақшаға, бос дүниеге бұрылып кетті. Бағана да айтып едім. Ұлттық салтымыздың, дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың біразын өкінішке орай жоғалтып алдық. Тіліміздің құны арзандады. Орыс, ағылшын тілдерін керекті, керексіз жерде пайдалану мақтанышқа айналды. Қолда бар алтын қазына азайса, қадірлей алмасақ оның несі жақсы? Тіл мәртебесін көтермедік, қайта керісінше құлдыраттық. Осы олқылықтар мені көп қынжылтады. Енді ел еңсесін тіктеп, қайта жаңғыртып, тіл, дін, салтымызды биік көтеруге бетбұрыс жасағанымыз, жоқтан бар істегеніміз абзал.
— Саясат-күрделі құбылыс. Ақылдың санасымен басқармаса, аса қауіпті. Ауытқуы оңай, арқалауы қиын сол салаға кіріп, араласып, арпалысып, арбалып көрдіңіз бе?
— Иә, мен саясатта ұзақ жүрдім, мемлекеттік қызметкердің біраз биігіне көтерілдім, Парламент Сенатында жұмыс істедім, Жоғарғы Сотта сот билігінде еңбек еттім, облыс әкімдігінде орынбасар, аудандар мен қалаларда әкім орынбасары, әкім қызметтері менің пешенеме жазылыпты. Идеологиялық із қалдырайын деп өз үлесімді қоспақшы болдым, соны да көп көрді. Әсіресе, құқық қорғау органдары. Мен намаз оқимын, жұма намазына барамын. Жасөспірімдер, жастар бөтен жолға түспесін деп тәрбиелік мәні бар өз ойымды ортаға саламын. Мешіттің алдында сөйлеген кезде ҰҚК, прокуратурада жұмыс істейтіндер көріп, мен жөнінде облыс әкіміне шағым түсірді. «Өзінің жұмысымен айналыспайды, саяси дінді ұстанатындардың жағында» депті. Қазір бәрі өзін ойлаған соң, саясаттың да қызметі құрдымға кетті.
— Кеңсеңіздегі тұрған фотобейнеде бұрынғы Сенат төрағасы, бүгінгі ел Президентімен қол алысып тұр екенсіз. Естен шықпас тарихы бар ғой деймін. Таныстырып өтсеңіз.
— Мен Сенатта әжептәуір қызмет атқардым. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірге жұмыс істедім. Қызметім ауысар кезде ол кісі маған алғысын білдіріп, ісіме сәттілік тілеп, «Құрмет грамотасымен» марапаттап шығарып салды. Менің мақсатым-дұрыс жүру, елге адал қызмет ету. Сондықтан мен ол кісімен бірге қызмет жасағаныма мақтанамын, оны үлкен мәртебе деп санаймын. Сол себепті ол кісінің маған айтқан баталы тілегі құлағымда, жүрегімде. Ол кісінің жұмысына әркез сәттілік тілеймін. Жаңа Қазақстанда көп өзгерістер болайын деп жатыр, сондықтан мен оны қолдаймын, жақсы заман болғанын қалаймын. Оның басты себебі елімнің халқы, ұрпақтарымыз осындай бейбіт, дамыған, әділетті елде өмір сүретіндеріне сенемін.
— Келешекте қарны тоқ, көйлегі көк қазақстандықтарды қай биіктен көргіңіз келеді?
— Қазақтарда бір сөз бар «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген. Кейде ойымды он саққа жүгіртетін көріністер мені кәдімгідей қинайды. Қолдарында ұялы телефон, табыс табудың оңай жолын іздеген, жандарын қинағысы келмейтін жастар қайда бара жатыр? Арқа еті арша, борбай еті борша болып, нанын маңдай терімен таппағандар оның қадірін біле ме? Жаңа Қазақстанды орнықтыруға қосар үлестері қандай болмақ? Өмірдің өзі күрес, біз сол белдесуімізде Аллаға сеніп, адал болсақ қана жеңістерге, жетістіктерге жетеміз. Студент атанып, Алматы қаласын оқуға кетіп бара жатқан жолымда әкем марқұмның айтқан сөзі ұдайы есіме түседі. «Балам, адал еңбек ет, маңдай теріңмен тапқан дүниемен отбасыңды асырасаң, жаман болмайсың» деп ақылын бере отырып, есінде жүрген ел аузындағы бір әңгімені айтқан еді. Баяғыда ата-анасы өздерінің ұлдарына жұмыс істе деп күнде айтады екен. Бірақ бала жалқау. Әкесінің күнде ұрысқанына жаны ашыған анасы баласына ақша беріп, жұмыстан тапқан табыс ретінде әкесіне ұсынуға ақыл қосады. Баласы дәл солай етіп, анасы берген ақшаны әкесіне ұсынады. Әкесі әлгі пұлды жанып жатқан отқа тастайды. Баласы қарап тұра береді. Екінші күні де дәл солай қайталанады. Үшінші күні анасы баласына жұмыс істеуді қатты, бірақ арнайы тапсырады. Расында да бала көмір тасып, тапқан табысын әкесіне ұсынады. Әкесі тағы да отқа тастағанда, баласы қолы күйгеніне қарамай, ақшаны жандырмай шоқтан жұлып алады. Әкесі «Міне балам, өзіңнің маңдай теріңмен тапқан ақшаңа, дүниеңе осылай қарасаң, оның мәртебесі биік, салмағы жоғары болады. Сол үшін адал жұмыс істе» деп ризалығын білдірген екен. Сол айтқандай мен де еліміздің жарқын болашағы үшін ел азаматтарын адалдықтың биігінен көргім келеді.
— Міне, Бахтияр Әлтайұлы бауырым екеуміздің жүздесуімізде біраз әңгіменің басын қайырдық. Ашық пікір үшін алғысымды білдіре отырып, ісіңізге сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан,
Серікбай САПАРҰЛЫ,
КСРО Журналистер Одағының мүшесі.