АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ТҰРАҚТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Сайрам ауданында Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде күзгі жиын-терімді қорытындылау және ауыл шаруашылығының еңбеккерлерінің құрметіне орай, «Алтын күз — 2022» мерекелік іс-шарасы аталып өтілді. Іс-шараға келген қонақтар мен тұрғындар мәдениет үйінің кіреберісінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығының биылғы жетістіктері туралы дайындалған арнайы бейнероликті тамашалады.

Содан кейін Ұлы Жібек жолы бойынан сауда, мәдениет пен өнер адамдарының өңірден жүріп өткен керуеннің көші мен тарихы сахналанды. Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында елеулі үлес қосқан сайрамдықтарды құттықтап, марапаттады. «Құрметті ауыл шаруашылығының еңбеккерлері! Бүгін ауданымызда «Алтын күз — 2022» дәстүрлі мерекесі аталып өтуде. Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп, еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын-терімнің қызу уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлеріміз үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Өйткені төккен тер мен еткен еңбектеріңіз көп. Бұл ретте, игі дәстүр бойынша «Алтын күз» мерекесі ауданымызда аталып өтуде. «Алтын күз» тек той тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл сайрамдықтар үшін табысты болды. Аудандағы басты сала агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда. Соңғы 3 жылда 1,2 есеге артық өнім өндірілген» деді аудан әкімі.
Сайрамда 2022 жылдың 10 айында 108 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық өнім алынған. Жаңадан 103,3 га жерге тамшылатып суғару жүйесі ендірілсе, 10,4 га жерге жылыжайлар салынып, 35 га жерге қарқынды бау егілді. Биыл егіс көлемі 52,8 мың гектарға жеткізілді. Шаруалар тарапынан күздік бидай, арпа толығымен жиналып біткен. Былтыр «Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу» жобасы 280 гектарда жүзеге асырылса, биыл бұл көрсеткіш 306,2 гектарға жетті. Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы 75 жұмыс орнымен қамтылған 2,7 млрд теңгелік 4 жоба іске қосылды. Аудандағы 68 өнеркәсіп кәсіпорынмен 47,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда 12,2 млрд теңгеге артық өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу саласы дамып келеді. Өңдеудің өнеркәсіп саласындағы үлесі 86%-ға жетті, яғни 41 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы, өнеркәсіп саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жыл қорытындысымен өнім көлемін 52,7 млрд теңгеге жеткізу мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Соның бірі кәсіпкер жастарға 2,5%-бен шағын несие беру бағытында жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 161 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Ауданда, әсіресе, ауыл шаруашылық бағытында кәсіпкерлік дамып жатыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 17 мыңнан асты. Салада 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 156,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Көрсеткіштердің өсімі сақталды.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 175 млн теңгелік 2 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен құны 240 млн теңгелік 4 жоба қаржыландырылған, микрокредиттік ұйымдар арқылы 2494 адам 1,9 млрд теңгеге несиеленді. Аудан еңбеккерлерінің жемісті еңбегі облыс көлемінде бағаланып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «ALTYN KÚZ — 2022» мерекесінде жыл қорытындысымен аудан екінші жыл қатарынан үздік болып танылды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін даму көрсеткіштерін орындаудан 1-орын, сонымен қатар ет өнімдерін экспорттаудан, сүт өндіруден және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан деген облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. Сондай-ақ облыс марапаттарының ішінде ет өнімдерін экспорттаудан озат агроқұрылым «Туран Агро Ет-Сүт» АШӨК және озат мал бордақылаушы «Курбантай ата» шаруа қожалығы болды. Сайрам ауданында игерілмеген шаруашылық пен кәсіп жоқ. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбегімен танылған ауыл еңбеккерлері мен кәсіпкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада өнерпаздар барша қауымға әсем ән шашып, тамаша көңіл-күй сыйлады.