МӘСЕЛЕ ҚАҒАЗ БЕТІНДЕГІ МІНСІЗ ЕСЕППЕН ШЕШІЛМЕЙДІ
ауылдағы ағайынның тұрмысы қашан түзеледі?
Ауыл – қазақтың түп-тамыры. Бір ғана мысал, еліміздегі тұрғындардың 40 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Осының өзі қала орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің мемлекеттің дамуындағы орны қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Жасыратыны жоқ, бүгінде ауылдардағы жағдай аса мәз емес. Әлемнің дамыған елдеріне көз жүгіртсек, ауыл шаруашлығының дамуы ауылдардағы инфрақұрылым жүйесіне тікелей байланысты екеніне көзіміз анық жетеді. Демек мемлекет басшысы айтқан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі алғышарты – шалғайдағы ауылдарға көңіл бөлуден басталуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, қандай бастамалар қолға алынуда? Сандар не дейді? Ауыл тұрғындарының мәселесі қандай? Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты тереңінен қозғауға тырысып көрейік…
Жалпы инженерлік инфрақұрылымдарға деген қолжетімділік дамыған елдерде тұрғындардың өмір сапасының басты көрсеткіштерінің бірі саналады. Осы тұста, елімізде облыс орталықтарынан шалғайда жатқан елді мекендердің сапалы ауыз су, көгілдір отын мен кәріз жүйесіне деген қажеттіліктері жоғары екенін айта кету керек. Демек күні бүгінге дейін жасалған жағдайлардың жайы көңіл көншітпейді. Жуырда
Finprom.kz аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты зерттеу нәтижесін жариялаған болатын. Көрсеткіштерге сенсек, ауылдағы үй шаруашылықтарының 51,6 пайызының үйінде, 23,1 пайызының үйінен тыс жерде су бар. Елді мекендердегі үйлердің тек 43 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал 53,9 пайызы баллондағы сұйытылған газды тұтынады. Бұдан бөлек, шалғайдағы елді мекендерде орналасқан тұрғын үйлердің 6,3 пайызы ғана орталық кәрізге қосылса, 66 пайызы басқа да кәріз түрлерімен қамтамасыз етілген. Ыстық сумен қамтылу көрсеткіші де өте төмен. Себебі ауылдарда орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау іс жүзінде жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындарының 62,5 пайызы жеке су жылытқыштарын пайдаланып отыр. Ауылдықтардың 49,1 пайызы ғана қоқыстарды жинау және шығару қызметімен қамтылған. Тіпті, қазақстандықтар үшін негізгі ақпараттық-ойын-сауық ресурсы саналатын телевизия да баршаға бірдей қолжетімді емес. Еліміздің ауылдарын спутниктік теледидармен қамту көрсеткіші 64,1 пайызды құрайды. 7,1 пайыз тұрғын кабельдік желіге қосылған. Қарап отырсақ, қай көрсеткішті алсақ та төмен екеніне көзіміз анық жетеді. Бұл бүгінде ауылдарды дамыту бастамасы жиі көтерілгенімен іске келгенде шорқақтық танытып жатқанымыздың айқын дәлелі іспетті. Бұдан бөлек, шалғайдағы елді мекендерді аудан мен облыс орталықтарымен байланыстыратын жолдардың сапасы да сын көтермейді. Жыл сайын қыруар қаржы бөлінгенімен, сапаға келгенде ақсап жататыны тағы бар. Сонымен қатар ауыл жастарының дені жұмыс іздеп ірі қалаларға ағылуда. Мұның өзі жұмыспен қамту ісінің тиісті деңгейде жүзеге аспай жатқанын көрсетеді. Ал нәпақа табу қамымен қалаға келгендердің өзінің табысы жоғары емес. Айлығы шайлығына жетпей, несиеге жүгініп, онысын төлей алмай жатқандардың қарасы қалың. Ол туралы газетіміздің бұған дейінгі сандарында да жазған болатынбыз. Ендеше ауылдың бүгінгі жай-күйімен ауыл шаруашылығын дамыта аламыз ба? Басы ашық сауал…
Бір қызығы, еліміздегі ауылдардың 90,6 пайызы мобильді интернетпен қамтылған болып шықты. Әсіресе, соңғы жылдары аталған көрсеткіш әжептеуір өскен. Мәселен, 2020 жылы шалғайдағы елді мекендердің 84,9 пайызына мобильді интернет қолжетімді болатын. Тіпті, соңғы көрсеткішпен есептегенде ауылдағы жағдай қаладан жақсы болып отыр. Мәселен, қалалық жерлерде интернетке қолжетімділік 86,4 пайыз шамасында. Мұның себебі де жоқ емес. Соңғы уақытта аталған салаға тартылар инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Ұзақ мерзімді динамика бойынша ақпарат және байланыс секторындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың ең көп көлемі 2020-2021 жылдарға тиесілі. Сәйкесінше, салаға алғашқы жылы 140,9 млрд теңге тартылса, кейінгі жылы 128,6 млрд теңге құйылған. Биылғы жағдай да жаман емес. 10 айдың қорытындысы бойынша 112,8 млрд теңге тартылып отыр. Өсім – 16,9 пайыз. Аталған саладағы жағдайды жақсартуға ықпал ететін маңызды бағдарламалардың бірі – «250+». Бағдарлама тұрғын саны 250 және одан да көп ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу мақсатын көздейді. Яғни қала мен ауыл тұрғындары арасындағы цифрлық алшақтықты жою және ауыл тұрғындарының заманауи байланыс құралдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жемісті жұмыс істеп келеді. Аталған бастама ұялы байланыс операторларының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылып келе жатыр. Сандарды сөйлетер болсақ, 2020-2021 жылдары Kcell ұялы байланыс операторы 250 және одан да көп тұрғыны бар 1423 ауылдық елді мекенді мобильді кең жолақты интернетке қосса, оның ішінде бағдарлама аясында 433 елді мекен қосылды. 2022 жылдың соңына дейін аталған компания тағы 360 ауылды байланыс және интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері 46 ауылда желі жаңартылды — ауыл тұрғындары қазір LTE технологиясын пайдаланады. Компания қазіргі уақытта қамтуды жақсартуды және Қазақстанның 60 ауылында жаңа базалық станцияларды орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы 2020 жылдың басынан бері Kcell 1,2 млн-нан астам ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз етті. Бір қызығы, еліміздегі ұялы байланыс операторларына шағын ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету, шын мәнінде, желіні құру және оның қызмет көрсетуі мен өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін қаржы құю тиімсіз.
Жалпы тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауылдарды дамыту бағытында бірқатар игі бастамалар көтерілді. Қазіргі уақытта «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар игі бастамалар көтеріліп те жатыр. Жалпы статистикалық ақпараттарға сүйенсек, республика көлемінде 6293 ауыл бар. Халық саны 7,7 миллион адамнан асып жығылады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бүгінде 4429 ауылға орталықтандырылған су барған. Аудан орталығына дейін асфальтталған жол салынған ауылдар саны 5535-ке жеткен. 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылып отыр. Ал кейінгі үш жылда республикалық бюджеттен 206 млрд теңге қаражат бөлініп, 2,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған. Бұл 250 тұрғын үй-коммуналдық нысанды, 676 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысанын жаңғыртуға мүмкіндік берген. Дегенмен түйткілді мәселелер де жоқ емес. Олардың бірі Мәжіліс мінберінде де көтерілді. Нақтырағы, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Раудың айтуынша, атқарылған жобалардың сапасына емес, санына ұмтылу мәселесі көрініс беріп отыр. Мәселен, аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты жүзеге асқан жобалардың санын көбейту үшін басқа жобаларға жұмсалғаны анықталған. Депутаттар анықтаған тағы бір мәселе, экономикалық әлеуеті, дамыған инфрақұрылымы бар перспективалы ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Неге десеңіздер, бұл елді мекен «тірек» ауылдан 18 шақырым қашықта орналасқан, ал бағдарлама бойынша 15 шақырымнан аспау керек. Ауылдардың тағдыры осындай қағазбастылықпен шешіліп жатыр. Бұдан бөлек, өңірлерде қаржы бөлуде де жүйелілік жоқ. Облыстың бір ауданында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатқанда, басқалары мүлдем ұмыт қалатыны түсініксіз. Әлі күнге дейін сусыз қалған ауылдар көп. Бұл – кез келген ауыл үшін басты мәселе. Сондай-ақ қандай жобаларды республикадан түсетін трансферттер арқылы жүзеге асыру керек екені, қандай жобаларды жергілікті бюджеттен қаржыландырылуға тиіс екені мүлде анықталмаған. Сонымен қатар қаржы бөлу ісінде де күдік тудыратын мәселелер жеткілікті. Мәселен, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Шалқия кентіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы 50 млн теңгені құраса, дәл сол 150 орынға арналған клубтың Алматы облысы Алакөл ауданы Ақтүбек ауылындағы құрылысына 518 млн теңге жұмсалған. Айырмашылық 10 есеге жеткен. Ал Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында 160 орындық денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы 255 млн теңге болса, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде екі есе үлкен 320 орындық кешеннің құрылысына 89 млн теңге жұмсалған. Демек ауылдарды дамытуды көздейтін бағдарламада бірқатар шикіліктер бар. Осындайда бюджеттен бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан жоқ па деген заңды сауал туындайды. Ал министрлік мәліметінде бәрі мінсіз. Жұмыс дәл осы қарқынмен жалғаса берсе, қағаз бетіндегі ақпарат пен шынайы өмірдегі жағдай арасының алшақтай беруі заңдылық.
Қорыта айтқанда, ауылдың жағдайын түземейінше, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға күш салудың нәтижесі біз күткендей болмайды. Министрлік қағаз бетіндегі есепке емес елдің көкейіндегі мәселені шешуге күш жұмсаса, жағдай өзгерер еді. Әлі де үміттіміз. Әйткенмен қазақтың ауылы жуық арада көркейе қояды дегенге сенімнен гөрі күдік басымдау…
С.НҰРАЙ.