АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Ауыл шаруашылығын дамытуда Түркістан облысының әлеуеті жоғары. Бүгінде аталған облысқа қарасты аудандарда бірнеше инвестициялық жобалар қолға алынуда. Мәселен, Сауран ауданында келесі жылы жалпы құны 13 млрд 847 млн теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып, жер телімдері қарастырылуда. Бұл туралы 10 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы – ауданның басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері ауданда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 3 млрд 727 млн теңге инвестиция тартылды. Ал тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 300 млн теңге тартылып, инвестициялар тапсырмасы бүгінгі күнге 168,47 млн теңге орындалды. Бұдан бөлек, «ЯССЫ AGRO.KZ» ЖШС мекемесі 800 га жер көлеміне жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысы, егістік жерге жоңышқа, картоп, сәбіз дақылдарын өсіру және жоңышқадан гранула жасайтын зауыт құрылысын салу мақсатында 4 млрд 199 млн теңге бөлу жоспарлануда» деді аудан әкімі.
Ал «БНК Агро Kz» ЖШС мекемесі тарапынан 650 га жер көлеміне әлеуметтік маңызы бар дақылдарын жаңбырлатып суару әдісін қолдану арқылы өсіру және оны сақтау қойма құрылысын салу жобасы бойынша 1 млрд 648 млн теңге бөлінеді. Сонымен қатар «Туркестан Агро XXI» ЖШС мекемесінен 600 га жер көлеміне жаңбырлатып суару әдісін ендіру жобасы бойынша 1 млрд 200 млн теңге, дәл осы мекеме 46 га жер көлемі бойынша МТФ-ға 6 млрд теңге қарастыруда. «Иманқұл ата» ШҚ мекемесі тарапынан 2 га жер көлемінде балық шаруашылығына 800 млн теңге бөліп, кәсіпті дамыту жоспарланған. Жалпы Сауран ауданы бойынша жобалардың құны 13 млрд 847 млн теңгені құрайды.
2023 жылға жоспарланған инвестициялық жобалардың бірі — азық-түлік белдеуін ұлғайту бойынша құны 8 млрд 533 млн теңгені құрайтын «TURKISTAN FRUIT» ЖШС инвестициялық жобасы. Жоба «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына» енгізіліп, 2023 жылы ашылуы жоспарланған. Жоба шеңберінде 400 га жерге қара өрік егіліп, оны өңдеп шырын шығару және 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.