ОРДАБАСЫДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС КӨП

Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің биыл 9-ы табиғи газбен қамтылды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Темірлан, Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір, Ықыластемір, Теспе елді мекендеріне газ берілген. Сондай-ақ биыл 24 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 2023 жылға өтпелі. Жұмыстар толық аяқталған соң 69 952 тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, қамту көрсеткіші 57,3%-ға артады. Сондай-ақ инфрақұрылым бойынша аудандағы 57 елді мекеннің 48-і құбырлы ауыз сумен қамтылған. Қамту көрсеткіші — 92,4%. Ал электр қуатымен ауданның 99%-ы қамтылған. Аудан көлемінде жалпы автомобиль жолының ұзындығы 1 398,4 шақырымды құрайды. Биыл 1,3 млрд теңгеге 32,3 шақырымды құрайтын 8 аудандық маңызы бар автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен қанағатты жағдайы 71,5%-ға жетеді.
Бұдан өзге, 2022 жылдың 9 айында ауданда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25 мың 723 шаршы метрді құраған. Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан Темірлан ауылындағы тұрғын үй иелерімен келісімдер жасалып, аудандық бюджет есебінен 9 тұрғын үй жөндеуден өткен. Бұл туралы «Ауданға есепті кезеңде 26 млрд 251 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 млрд 955 млн теңгеге артқандығын көрсетіп отыр. «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд 234 млн теңгені құрайтын 310 жұмыс орнымен 6 жоба орналасқан. Оның ішінде 170 жаңа жұмыс орнымен 4 жоба іске қосылған» деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Аймақта ауыл шаруашылығы саласында 9 айда 53 млрд 818 млн теңгенің өнімі өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 млрд 446 млн теңгеге артып отыр. Жалпы ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 9 айында өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 97,5 млрд теңгені құраған. Айта кетейік, бүгінде ауданда өнеркәсіп саласында 40 кәсіпорын бар. Оның ішінде, 3 ірі, 3 орта, 30 шағын, 4 қосалқы кәсіпорын жұмыс істейді. Салада биыл 9 айда 21 млрд 190 млн теңгенің өнімі өндірілген.