САУРАНДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС КӨП
Осы аптада өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков 10 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, жаңадан құрылған ауданда инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. 2022 жылдың 10 айында инвестиция көлемі 15,7 млрд теңгеге орындалып отыр. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласы 6,8 млрд теңгеге жетті. Ал өңдеу өнеркәсібінде 4,4 млрд теңге болса, жыл басынан бері шағын және орта бизнес көрсеткіші 5371 субъектіге жетті.
«Тұрғындарды толғандырған мәселелер кезең-кезеңімен орындалып келеді. Бүгінде Сауран ауданында 12 ауылдық округте жалпы 35 елді мекен бар, халық саны 106 мыңнан асады. Аудан бюджеті 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жалпы 5 есеге ұлғайған. 2021 жылдың 1 қарашасына жергілікті бюджетке 110,1 млн теңге жоспарланып 178,3, млн теңге қаржы түскен, орындалуы 1,6 есеге ұлғайып отыр» деді аудан әкімі. Бүгінгі таңда аудандағы 14 елді мекенге су қоймаларының тозығы жеткен құрылғыларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары әзірленіп, мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, осы жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал 4 ауылдық округтегі 11 елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Үшқайық ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенге биыл сәуір айынан бастап газ берілуде. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтеріне қарасты 6 елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өткізілген. Бүгінде екіжақты келісімшарт түзіліп, биылғы қазан айынан бастап, Шаға ауылдық округінің 8 көшесіне газ берілді. Жыл соңына дейін қалған елді мекендерге газ берілетін болады. «Елді мекендерді газбен қамту жұмыстары жоспарға сай іске асуда. Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінің өзі қазір газбен қамтылған жоқ. Бұл ретте, магистральды газ құбырларын жүргізу бойынша Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Шорнақ, Қосмезгіл және Еңбекші Дихан елді мекендеріндегі жаңадан қоныстанған аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2-нысанға ЖСҚ әзірленіп жатыр. Биыл ауданда 36 шақырым құрайтын автожол жөндеу жұмыстары жүргізілуде» деді Ғани Құрмашұлы.
Брифингте аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. «Ауыл шаруашылығы аудан экономикасында жетекші орын алады. Осы ретте, бүгінгі күнге субсидия алуға 296 шаруа өтінім тапсырып, мемлекет тарапынан жалпы құны 716,4 млн теңге қаржылай қолдау алған. Алдағы уақытта жалпы құны 13 млрд 847 млн тг құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап, жер телімдерін қарастырып жатырмыз» деді аудан басшысы. Брифингте белгілі болғандай, ауданда кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 адам 15 млн теңге, АИО «Оңтүстік» микро қаржы ұйымынан 8 адам 660,3 млн теңге және «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 60 адам 250 млн теңге несие алған. «Бизнес жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «DIVALUX» ЖШС кәсіпорны 370 млн теңге несие алды. Осы жылы Иассы ауылдық округінде орналасқан «Sem Brend» жиһаз цехы 100 жаңа жұмыс орнын қамтитын жобаны іске қосты. Одан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «GOLDEN Cotton» ЖШС кәсіпорны мақта талшықтарын қайта өңдейтін зауытынын іске қосты. Сондай-ақ Жаңа Иқан ауылдық округінде жоба құны 600 млн теңгені құрайтын 300 орынды жаңа мектеп «ДАРЫН КZ» ЖШС және жоба құны 1 млрд теңгені құрайтын 280 орынды жаңа мектеп «Жаңа Иқан» ЖШС-нің өз қаражасы есебінен пайдалануға берілді.
Туризм саласында да ауданда игі істер бар. Қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында «Сапар орталығының» құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Ескі Иқан ауылдық округінде кәсіпкерлердің демеушілігімен, «Сапар орталығы» ашылды. Ал Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл қонақ үй жеке демеушілер тарапынан іске асырылуда. Аталған қонақ үй келер жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Жаңа Иқан, Жібек жолы, Майдантал, Оранғай, Бабайқорған, Ескі Иқан ауылдық округтері аумағынан 259 жер иелеріне тиесілі 27 973,7 га жер учаскесі мемлекет мұқтаждығына алынып, аталған ауыл округтерге ортақ жайылым үшін қаулы қабылданып, сәйкестендіру актісі рәсімделуде. Бұдан бөлек, 8 ауылдық округте 22,6 мың га жер телімдері ортақ жайылымға бекітіліп, сәйкестендіру актісі рәсімделген. Аудан көлемінде 145 жер иеленушімен, алаңы 32,3 мың га жер бойынша келісімшарт түзумен меморандум арқылы ортақ жайылымға келісілді. 2022 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, атқарылатын ортақ жайылым іс-шаралар жоспары жыл соңына дейін орындалады.