ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 1587 ОТБАСЫҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТАҒАЙЫНДАЛҒАН

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен апталық жиында қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Е.Мырзабеков 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту негізіндегі Ұлттық жобасы аясында 2022 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар барысын баяндады.

Маманның айтуынша, атқарылған жұмыс аз емес. Қарқын жоғары. Жекелей тоқталар болсақ, ұлттық жоба аясында жыл басынан Кентауда 4036 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жоспарға сәйкес 5034 адам жұмысқа тартылған. Мемлекеттік грантқа 173 адамға жоспар бекітіліп, сәуір,тамыз, қыркүйек және қазан айларында комиссия отырысы өткізіліп нақты 182 адам қаржыландырылып отыр. «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негізінде 186 адамды оқыту жоспарланған болса, 126 адам оқытылған. Тұрақты жұмыс орындарына 2300 адамды жұмыспен қамту бекітілген. Күні бүгінге дейін нақты 1912 адам орналастырылып отыр.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 170 адамды жолдау жоспары болса, жұмыс беруші 18 жеке кәсіпкерлерге 215 жұмыссыз азаматтар жолданған. «Күміс жас» жобасы бойынша 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда 3 жұмыс беруші кәсіпорынға 8 жұмыссыз азаматтар орналастырылып отыр. Сонымен қатар, бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 414 еңбекке жарамды мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Кентау қаласы бойынша «Өңірлік карта» аясында 10 жоба енгізіліп, 127 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоспарға сәйкес 10 жоба іске қосылып, нақты 128 жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда ашылған жұмыс орындарына 118 жұмыссыз азамат жіберілген. Бұдан бөлек, 2022 жылдың басынан бері 1587 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген. Оның ішінде шартсыз түріне 370 отбасыға шартты түрде 1217 отбасыға тағайындалған.