КҮНГЕЙДЕ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауылдарды дамыту. Облыс пен қала орталықтарынан шалғайда жатқан елді мекендерде мәселелер көп. Бір ауылда сапалы ауыз су жоқ. Бірі электр жарығынан таршылық көріп отыр. Енді біріне жол мен көгілдір отын қажет. Бюджеттен миллиардтар кететін жобалардың сапасы да талапқа сай болуы тиіс. Сондықтан бұл – маңызды да жауапты жұмыс. Өз кезегінде, атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, күнгейде қолға алынып жатқан шаруа шаш-етектен.

Түркістан облысында ауылдарды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда Сауран ауданы, Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтеріне табиғи газ берілді. Табиғи газға қосылу шарасына Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы, аудан әкімі Ғани Рысбеков, ауыл ақсақалдары және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Түркістан газ шаруашылығының басшысы Ақиқат Абдуллаев қатысып, халықты «көгілдір отынның» келуімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.
Табиғи газ беру жұмыстары Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30-жылдығы елді мекенінен басталды. Қалған елді мекендерде ретімен жалғасын табатын болады. Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтеріне табиғи газ №16 Ескі Иқан автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы беріледі. Аудан әкімдігімен «ҚазТрансГаз» АҚ елді мекендерге газ беру жұмыстарын жүргізуде. Әрі қарай әр азамат өз үйіне немесе басқа да нысандарға газ қосу үшін өтініш білдіріп, мердігер мекемелермен келісім-шартқа тұрып, құжаттарды түгелдегеннен кейін жеке шот ашылып, абоненттер санына қосыла алады.