«ЖОЛДАУ — ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН МАҢЫЗДЫ»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Жолдауда Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды бес бағдарын айқындап, нақты атқарылатын істерді көрсетті.

Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін ел дамуының бағытын айқындайтын саяси құжатта экономикалық, әлеуметтік бағыттарды қамтып, азаматтардың лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасалатындығы айтылды. Атап айтатын болсам, әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуде алдымен экономиканы жоғары деңгейде көтеруіміз керек. Халқымыздың әл-ауқатын жоғарылату – бүгінгі күннің талабы болып тұрғаны белгілі. Бұл бағытта Жаңа экономикалық саясат – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландырумен ерекшеленетін атап өтті. Бұл мақсатта шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, кәсіпкерлікті дамыту, заң үстемдігін орнықтыру керек екенін алға тартты.
Сонымен қатар, нақты секторды дамыту — ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдетумен ерекшеленетінін түсіндіріп өтті. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет екенін тапсырды. Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу қажет екенін баса айтты.
Қазіргі таңда инфрақұрылым мәселесіне ерекше мән беріліп жатқанын ескеретін болсақ, Мемлекет басшысы автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек екенін нақтылады. Яғни 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бұл өз кезегінде логистиканың дамуына зор үлесін қосады деп есептеймін.
Жолдауда ауыл шаруашылығы мәселесіне ерекше тоқталып, оны қарқынды дамыту үшін жағдайлар жасалатынын нақтылап өтті. Агро сектор экономиканың бір саласы ретінде жоғары деңгейде баса назар аударылуы тиіс деп санаймын.
Сонымен қатар игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталып өткен Президентіміз игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тапсырма берді. Халқымыз үшін Жер өте өзекті мәселе екені белгілі. Тарихқа да көз жүгіртетін болсақ, киелі ұғым болғанына куә боламыз. Жер мәселесіне нүкте қойған Мемлекет басшысы шаруашылық саласын басты назарда ұстайтыны белгілі.
Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция – адам капиталын нығайтумен байланысты болады. Денсаулық сақтау саласында тиімді реформаларды жүргізіп, ұлт саулығын бірінші кезекте екенін тағы да айқындай түсті. Тәні саудың – жаны сау. Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Ұлт саулығы үшін медицина жүйесін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білікті дәрігерлер халыққа жоғары деңгейде қызмет етуі тиіс екені қатаң ескертілді.
Әлеуметтік саланың бір бөлігі білім жүйесін жетілдіруді және мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда ұстап, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді тапсырды. Өз заманында Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», — деп бекер айтпаған. Осы бағытта жұмыстар жүйелі түрде келешек ұрпақ үшін жасалуы керек деп санаймын. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», — дегендей әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екеніне назар аударды.
Әлеуметтік мемлекет ретінде атаулы әлеуметтік көмек беруді жалғастыруда жанұлардың цифрлық картасы жасақталып, «Әлеуметтік әмиян» тәсілі енгізіледі. Бұл нақты жұмысты айқындайтын көрсеткіш болып табылады. Жаңа туылған сәбилер мен балаларға, жастарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Қазақстандықтар үшін бұл өте қуантарлық жағдай болды деген ойдамын.
Жолдаудағы халықтың көкейінде жүрген мәселелер айтылып, көптеген жаңа бастамаларға куә болдық. Атап айтатын болсам, ең төменгі жалақы 70 мың теңге; әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас; бала күтімі үшін төленетін төлемдер 1,5 жас; ұлттық қордағы қаржының 50 пайызы 18 жасқа дейінге балалардың есепшотына аударылады; білім алушыға оқу ақысын төлеуге 2-3 пайыздық несие беріледі; 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарады; 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектепте білім алады; 2023 жылы 100 мың жас жаңа жұмыспен қамтылады; кәсіпкер жастарға 2,5 пайыз шағын несие беріледі; шетелден келген көлікті заңдастыру құны 200-250 мың теңге болады; Самұрық-Қазына қоры пайдасының 7 пайызын Қазақстан халқына қорына аударады. Осы аталған өзгерістер іс-жүзінде жүзеге асырылатын болады.
Жолдаумен үндес келетін AMANAT партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын жоғарлатуға негізделеді.
«Әділетті мемлекеттің» көрсеткіші – заңның алдындағы барлық азаматтардың теңдігімен сипатталады. Тәртіп болмай, қоғамда дамулар орын алмайтыны ақиқат. Ұлт патриоты Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел – ел болмайды», — деп айтқан болатын. Қазіргі заманның талабы өркениетті елге айналу болып табылады. Осы мақсатымызға жету үшін заңның үстемдігі мен қатал тәртіптің орын алуы қажет.
Сонымен қатар Жолдауда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қазіргі уақытта мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер жүзеге асырылып жатқандығы көрсетілді. Бұл бағытта барлық салаларда ашықтық пен жариялылық іске асырылуы керек. Осы қағиданы басшылыққа алып, белсенді жұмыс атқарып, өз үлестерімізді қосуымыз керек. Тұрғындардың дер кезінде қойған талаптарына жауап беруді жалғастыра беруіміз тиіс. Бұл үрдіс арқылы қоғамда тұрақтылық пен қарқынды дамуларға жол ашылады деп сенімді айта аламын.

Қайрат Имашев,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.