СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ШАРУА ҚЫРУАР

«Су ресурстары-маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Анарбек Орман осы аптада бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз брифингін өткізді. Онда мекеменің инвестициялық жобалары мен даму кезеңдері тақырыбы қозғалды. Тарқатайық…

Аталған мекеме – Қазақстандағы кәсіпорындар мен мекемелер арасында 2009-2022 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру, даму банкімен серіктестікке қол жеткізіп отырған компаниялардың бірі. Осы жылдар аралығында «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС мен Еуропалық қайта құру, даму банкі арасында 5 келісімшарт түзілген. Құны 15,4 млрд теңгені құрайтын аталған келісімнің арқасында өңірді сумен жабдықтау және шайынды су жүйелерін жаңғыртып, қайта құру жұмыстары қарқын алып, бүгінде нәтижесін бере бастаған. Атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар көп. Бүгінде жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5,5 пайызбен 13 жылға алынған несие толығымен өтеліп отыр. Бөлінген қаржының арқасында сумен жабдықтау ісінде ауқымды ілгерілеу болғанын осы тұста айта кету керек. Мәселен, 336 шақырым су құбырлары жүйесі жаңартылған. 47,3 шақырым кәріз жүйесі де қайта жасақталып, жұмысы жақсара түскен. Су сорғылары желісін автоматтандыру, зарарсыздандыру және суды тасымалдау желісі біршама реттелген. Жалпы Шымкенттің аумағы жылдан-жылға ұлғайып, тұтынушылар қатары да артуда. Сәйкесінше, мекеме жұмысы да күрделене түскен. «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС басшылығы тұтынушылар санының өскеніне қарамастан, істі иіріп әкетіп, нәтиже көрсетіп келеді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында мекеменің жас мамандарды даярлау ісіне айрықша үлес қосып келе жатқанын жазған болатынбыз. Мұнымен серіктестік басшылығы мекеменің ғана емес, жалпы саланың дамуына серпін беріп келеді.
Сапалы маманнан бөлек, жаңарған жүйелердің арқасында энергия көздері мен суды тұтыну мөлшері де азайып, үнемделе бастаған. Бұған тартылған инвестиция тікелей себепші болып отыр. Атап айтсақ, тартылған қаржының арқасында нормативті-техникалық шығындар 38,1 пайыздан 16,34 пайызға, бір адамның суды тәулігіне тұтынуы 456 литрден 121 литрге, су құбыры желілерінің тозу деңгейі 68 пайыздан 47,02 пайызға, кәріз желілерінің тозу көрсеткіші 79,4 пайыздан 77,01 пайызға төмендеген. Суды тұтыну мөлшерінің төмендеуінің арқасында Шымкент қаласы тұрғындарының отбасылық бюджеті 40 млрд теңгеге үнемделген. Бұдан бөлек, инвестиция тартылғанға дейін пайдалану шығындары жалпы шығындардың 66 пайызын құраса, қаржы көзі игерілгеннен кейін бұл көрсеткіш 41 пайызға дейін төмендеп отыр. Жиында осы және өзге де көрсеткіштер айтылды.
Баспасөз брифингінде тілшілер тарапы тұрғындарды ауыз сумен толық қамту жайы мен құбырларды алмастыру бойынша сауалдар қойып, жауаптарын алды. Баса айта кетерлігі, қала тұрғындары сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтылып отыр. Айта кету керек, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС мен Еуропалық қайта құру, даму банкі арасындағы инвестициялық бағыттағы серіктестік әрі қарай жалғасады. Келесі кезеңде шайынды су тазарту қондырғыларының кешенін кеңейту, жабдықтау қолға алынбақ. Ауқымды жұмыстарға аталған банк 4 млрд теңгеге жуық несие береді. Құжаттарға екі тарап қол қойып, инвестициялық бағдарлама бекітілді.