ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ХҚКО БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініші ешқашан назардан тыс қалған емес. Мәселен, біраз уақыт бұрын Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің Бекзат мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуінде сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу бойынша тұрғындар мәселе көтерген еді.

Осы мәселеге қатысты қала әкімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Басымбекке ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды. Ынтымақты тірліктің нәтижесінде үш бірдей сектор тұрғындарына қолайлы жерде жаңа форматтағы «New» цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Аталған нысан Төле би көшесінде орналасқан. Цифрлық ХҚКО-да енді Шауғар, Бекзат, Сауран мөлтек аудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін иеленді.
Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма аппаратының басшысы Қуатов Қуандық қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. «Цифрлық ХҚКО-да қызмет көрсететін операторлар болмайды, адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады»-деді басқарма аппаратының басшысы Қуандық Қуатов.
Нысан – заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рәсімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады. Сонымен қатар орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілерге ана мен бала бөлмесі де қарастырылған. Қорыта айтқанда, жаңа орталықтың мүмкіндіктері кең. Тұрғындардың қолдануына да қолайлы болып отыр.