9 АЙДА 66 МЫҢНАН АСА АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жасаған сапары кезінде өңір активімен кездескен болатын. Міне сол уақытта сала басшысы Отбасының цифрлық картасын енгізудің оң әсері туралы айтып, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, азаматтарды жұмысқа орналастыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Аталған кездесуге облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты. Министр кездесуге қатысушыларды Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Нақтырағы «Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған, ал Түркістан облысы бойынша 542,4 мыңнан астам отбасы бар. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады» деп атап өтті Тамара Дүйсенова. Министр уақытылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде Түркістан облысынан бала тууына байланысты біржолғы және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындауға жүгінбеген отбасыны айтты. Сала басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.
Жиын барысында министр мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары туралы өңірдің активін хабардар етті. Мәселен, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алып қою құқығынсыз аударылады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа келесі жылдан бастап наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4-тен 7,4 АЕК-ке дейін көтерілмек. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу жолымен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылады. Жиын барысында жұмыспен қамту мәселесі де қозғалды. Тамара Дүйсенова осы жылдың 9 айында Түркістан облысында 66,4 мың адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 32,8 мың адам, белсенді жұмыспен қамту шараларымен – 28,1 мың адам қамтылғанын, ұлттық жобалар шеңберінде – 5,4 мың адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Өз сөзінде сала басшысы «Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Өңірде бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Облыстағы ең төменгі көрсеткіш Жетісай ауданында – 47%. Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасын іске асыру шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету, жұмысқа орналастырылған жұмыскерлер үшін зейнетақы жарналарын аударуды бақылау, бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті.
Бұдан бөлек, кездесу барысында атқарушы билік органдарының өкілдерімен жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық реттеу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері талқыланды. Бұл жөнінде Тамара Дүйсенова «Бүгінгі таңда республикада 2,2 млн зейнеткер тұрады, оның 180 мыңы Түркістан облысында. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейін 100-ден 120 пайызға ең жоғары деңгейге дейін жеткізу көзделеді. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделіп отыр» деді. Министрдің сөзінше, жоғарыда аталған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 61 жас болып 2028 жылға дейін тоқтатылады. Осы мақсаттарға барлығы 1,3 трлн теңге бағытталмақ. Сөз соңында министр бүгінгі таңда республика бойынша 50-60 жас аралығындағы 325 мыңға жуық әйелдің табысы жоқ екенін атап өтті. Осы тұста айта кетерлігі, еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған олар болашақта жұмыс істейтін әйелдерге қарағанда аз мөлшерде зейнетақы алады. Осы орайда, зейнеткерлік жасқа жақындаған және табыс көзі жоқ әйелдердің жағдайын түзету және табысын арттыру үшін «Күміс жас» бағдарламасының тетіктерін өзгерту көзделген. Мемлекет тарапынан қатысушылардың жалақысын қоса қаржыландыра отырып, әйелдерді 50 жастан бастап әлеуметтік жобаларға тарту жоспарланған.