ЗАМАНАУИ СПОРТ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Бұқаралық спорттың дамуы ұлттың сапалық көрсеткішіне айрықша әсер етеді. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде бұқаралық спортты дамыту ісіне айрықша назар аударылып келеді. Күні бүгінге дейін бірқатар облыс орталықтарында көптеген спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Ескі нысандар да қайта жөндеуден өтуде. Бүгінгі материалымызда міне сондай игі бастаманың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлініп келе жатқаны бұрыннан белгілі. Осы бағытта Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округінде заманауи спорт алаңшасы бой көтерді. Аталған спорт алаңшасына аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы барып, ашылу салтанатына қатысты. «Бұл – мемлекетіміздің ел келешегін, ұрпақ болашағын қамдастырып отырған салиқалы саясатының жарқын көрінісі. Тәуелсіз Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған алаңша спортты сүйетін қалың жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қымбатты ордасына айналсын! Келешекте республикамыздың намысын қорғайтын Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондары шықсын!» – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, аталған спорт алаңшасы аудандық бюджет есебінен салынды. Жалпы ауданы 0,3 гектарды құрайтын спорт алаңшасында футбол алаңы, автотұрақ, сонымен қатар жаттығу алаңшасымен жабдықталған. Мұнда жақын маңда тұратын балалар волейбол, футболдан сайысып, қосымша спорт түрлерімен де айналысатын болады. Жалпы Түркістан облысында спорт алаңшаларын салу жұмысы әрі қарай жалғасын табады. Жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде спортты жанына серік етер тұрғындардың көбейеріне кәміл сенімдіміз…