КӨГІЛДІР ОТЫН МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАҚ ЕМЕС

Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі назардан тыс қалған емес. Жуырда тұрғындарды газбен қамту мәселесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды жедел көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Түркістан облысындағы филиалына да ұсыныстар берілді.

Жиын барысында Дархан Сатыбалды «Адамдар газ келді деп қуанады. Бірақ газды үйге кіргізуге дейін түрлі қиындықтардан өтеді. Осы мәселені бақылауға алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек. Газ саласына қатысты әрбір мәселеге жауапты тұлғалар бекітіліп, тұрақты мониторинг жасалуы тиіс» – деп жауапты басшыларға кемшіліктерді жоюды тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиевтің айтуынша, облыста 31 автоматтандырылған газ тарату станциясы бар. 5 АГТС құрылысы жүргізіліп жатыр.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесек 1 млн 529 мың тұрғын немесе 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Биыл 69 газ нысанының құрылысына 15,9 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 60 нысан 2023 жылға өтпелі. 2022 жыл қорытындысымен, 467 елді мекен немесе 1 млн 561 мың халық табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге жетеді немесе 2 млн 3 мың тұрғын көгілдір отынның игілігін көреді.