ШЫМКЕНТ: АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІНІҢ ҚАШАН АШЫЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Шымкентте кептеліс мәселесін шешу мен көшелердегі көлік ағынын азайту мақсатында қыруар іс қолға алынып жатыр. Нақтырағы, жолдар кеңейтілуде. Бұдан бөлек, ірі жол қиылыстарына жолайрық салынуда. Мәселен, қазіргі уақытта Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Бұл, өз кезегінде, аталған көшеде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді. Жұмыс барысының кезеңдік кестелерге сәйкестігі мен сапасын тексеру мақсатында шаhар басшысы Мұрат Әйтенов құрылыс нысанын көріп шықты. Керекті ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысандағы жұмыстар сапасына деген жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Жолайрықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 м, Арғынбеков көшесінде 921 м көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метр болатын төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылуда.
Айта кету керек, жолайрықтың Бәйдібек би даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Кейіннен тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылды. Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, жоспар бойынша қараша айының 30-нан бастап Арғынбеков көшесі көлік қозғалысына ашылады.