«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ БИЫЛҒЫ МАУСЫМЫ АЯҚТАЛДЫ
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының жабылу салтанаты өтті. Шарада Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов биылғы маусымды қорытындылады. Сонымен қатар аталған жобаның маңызы турасында да тарқата айтып өтті.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жоба одан әрі жалғасын табады» деді басқарма басшысы. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағы – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Аталған бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сондай-ақ жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Осы орайда, Шымкентте де еңбек жасақтарында еңбек етіп жүрген жастар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл қаладағы жұмыссыз жастардың санын азаюына да ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, қалада еңбек жасақтарының биылғы маусымында 1313 жас жұмыспен қамтылды.
Салтанатты жиында Мұратжан Шотанов жобаға белсене атсалысып, қаланың көркеюіне үлес қосқан жастарды Алғыс хаттармен марапаттады. Жастар қозғалысы алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек. Өйткені «Жасыл елдегі» жастар қатары тек қана аймағымыздың көгалдануына ғана емес, оған қоса біздің ортақ шаңырағымыз — Қазақстанның өркендеуіне жаңа буынды тәрбиелеуде маңызы зор.
Қорыта айтқанда, жастардың бірлігі мен ынтымағын көрсететін жобаның қоғам өміріндегі маңызы ерекше. Белсенді жастар қаланы жасыл желекке айналдыру ісіне айрықша үлес қосумен қатар, тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру бағытында да жұмыс істеп келеді. Мұның өзі елін сүйіп, Отанын құрметтейтін өскелең ұрпақтың қалыптасуына ықпал етпек.