ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ БІРЕГЕЙ ЖОБА БОЙ КӨТЕРМЕК
Шымкентте бой көтеретін «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығы құрылысының басталуына орай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қатысты. Аталған жобаның негізгі инвесторы — «САУТС-Ойл» компаниясы. Ал нысанды салушы бас мердігер — «Koç Construction».
Жиында сөз алған қала әкімі «Алдағы 5 жыл ішінде қалаға 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндетін қойдық. Ал бүгін Шымкент қаласы үшін бірегей жоба бастау алады. Бастамаға сәттілік тілеймін. Жалпы қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқан, агломерациясы дамыған шаһарымызға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейген. Сондықтан кәсіпкерлерді Шымкентке инвестиция салуға шақырамын» деді. С.Сейтжанов жаңа нысанның салынуы — экономика мен қала көркіне көрік қосатынына сенім білдіре келе «Бүгінгі шараға арнайы келіп қатысқаныңыз үшін алғыс білдіремін, құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы! Осы күнге дейін әкімдікпен тығыз жұмыс істеп келеміз, алдағы уақытта да қаламыздың дамуы жолында бірге көптеген жобаларды жүзеге асыратын боламыз» деді.
Құрылысты жүргізетін «Koç Construction» — халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 материкте құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан. Алысқа барудың қажеті жоқ, көрші Өзбекстан елінің ең маңызды жобасы саналған «Ташкент Сити» құрылысының негізгі басым бөлігін жүргізіп, қазіргі таңда 3,5 млн2 метр аумақта жұмыс істеуде. Сонымен қоса «Hilton» қонақ үйінің құрылысын да аталған компания жүргізген. Бұдан басқа да жетістіктерін айтып өткен компания директоры Омер Сарикоч «Орта Азиядағы аумағы ең үлкен бауырлас еліміз Қазақстанда алғашқы инвестициялауды миллионды қала Шымкенттен бастағанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ғимарат прогрестің, дамудың, яғни алға қарай ұмтылудың негізгі символы болады. Шым шаһарға алдағы уақытта да басқа салалар бойынша инвестиция салуға дайынбыз» деп атап өтті.
Жалпы Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді. Айтып өтейік, «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.