ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, АРДАҚТЫ АНА

Ұлағатты ұстаз, білімді педагог-ғалым Тілеуова Салтанат Тәліпқызы – ел құрметіне бөленген жан. Бүгінгі таңда техника ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры Тілеуова Салтанат 70 жасқа толып отыр. Ол 1952 жылы Ташкент облысы Жоғары Шыршық ауданында дүниеге келген. 1969 жылы мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына «Силикаттар технологиясы» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1986 жылы аспирантураны аяқтаған педагог Ленсовет атындағы Ленинград (Санкт-Петербург) технологиялық институтында кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шығады. Одан кейін бүкіл саналы өмірін жастарға білім мен ғылым беруге арнаған ұлағатты ұстаз, білімді ғалым бүгінгі күнге дейін осы қара шаңырақ М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жұмыс істеуде.
Осы орында ол аспиранттан бастап профессор лауазымына дейінгі сатыдан өтті. Студент жастарға білім берумен қатар ғылыми жұмыстармен де белсене айналысты. Оның ғылыми бағыты – химия, мұнай-химия және металлургия өнеркәсіптерінің техногенді қалдықтарын кешенді өңдеу. Ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 300-ден астам жарияланымдар жарық көрді. Оның ішінде шетелдік жоғары индексті баспаларда 10-нан астам мақалалар жарық көрсе, 12 өнертапқышқа берілетін куәлік иегері. Одан басқа 5 оқулық, 11 оқу құралы, 6 монографиясы баспадан шығарылды.
С.Тілеуова соңғы 20 жылда бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын әзірлеп, «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша типтік және жұмыс оқу жоспарларын құрастырды. БЗХТ мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің ОӘК секциясы төрағасы қызметін атқарды. Аталған мамандықтың бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның базалық және мамандандырылған циклінің міндетті компоненттерінің 30-дан астам типтік бағдарламаларын әзірлеп, ҚР БжҒ министрлігінде бекітті.
Ғылыми кадрлар дайындауда да қосқан үлесі елеулі. Оның жетекшілігімен 2 кандидаттық, 16 магистрлік, 3 PhD докторлық диссертациялар дайындалды. Қазіргі кезде жетекшілік жұмыстарын жалғастыруда.
Университет қабырғасында жасаған жемісті еңбектері елеусіз қалған жоқ. 2013 жылы ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы грантын жеңіп алды. 2013 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар министрлік пен университет тарапынан көптеген мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Тілеуовтар отбасын нағыз ғалымдар отбасы деп атауға толық негіз бар. Жолдасы Тілеуов Әлібек Спабекұлы – техника ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі. Отбасында екі ұл және 7 немере тәрбиелеп, өмірге дұрыс бағдар беруде.
Салтанат Тәліпқызын туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір тілейміз!

Тілек білдіруші PhD
докторанттар: Д.ПАЗЫЛОВА,
Б.УСЕРБАЕВА.