АУА САПАСЫНЫҢ ЖАҚСАРҒАНЫ ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕМІСІ

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылау кезінде Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65 пайызға төмендегені туралы мәлімет айтылды. Түркістан қаласы облыс орталығы болған төрт жылдан бері қолға алынған ауқымды жұмыстардың нәтижесі.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы Түркістан қаласы ресми түрде облыс орталығы болған. Сол уақыттан бастап қаланы көгалдандыру, газдандыру, күннен қуат алатын электр станцияларын көбейту мен өңірдегі орман алқабының көлемін ұлғайту жұмыстары қарқын алды. Нәтижесінде Түркістан облысында экологиялық ахуал жақсарды. Бұл ғылыми түрде дәлелденді.
Бұл бағыттағы жұмыс ұдайы жалғасады. Осы мақсатта өңірде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» секілді 4 бағытта жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында жоспарға сәйкес, 5 жыл көлемінде 1000 гектар жерге 1,1 млн ағаш көшеттері отырғызылады. Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің сөзінше одан өзге 831 елді мекеннің 55%-ға жуығы табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге күш салынады. Облыс аумағында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі немесе 548,2 мың гектарды құрайды. Көрсеткішті жақсарту үшін былтыр 100 шақырымға жуық канал күрделі және ағымды жөндеуден өткен. Жетісай, Мақтаарал аудандарында 175 қашыртқы, 9 су нысаны жөнделіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 45,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарған.
Түркістан қаласында ағын су тапшылығын шешу үшін ірі су нысандарының құрылыстары жүргізілген. Нәтижесінде қосымша 248,8 млн м3 ағын суға қол жеткізуге мүмкіндік туды. «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 58 шақырым канал бетондалып, атқарылған жұмыстың нәтижесінде 60 млн. м3 су үнемделетін болады.
«Кеңсай -Қосқорған — 2» су қоймасы, «Шаға» жағажайы, Ескек есу каналы пайдалануға беріліп, 31млн. м3 ағын су жеткізіледі. «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасы салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы Түркістан қаласы кепілді ағын сумен толық қамтамасыз етіледі.