ЖАСТАР – ЖАҚСЫ ІСТІҢ ЖАРШЫСЫ

Соңғы кездері Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы тазалық шараларын ұйымдастыру, халықты игі іске жаппай жұмылдыру бағытында нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіп келеді.

Аталған ауданда 17 қыркүйекте «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup Day 2022) аясында жастар арасында экосайыс ұйымдастырылды. Бойында жігері тасыған жастардың басын біріктірген экосайыста Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің ерікті жастары мен «Арыстанбаб» жоғары колледжінің ерікті жастары бірлесіп оқу орын аумағын қоқыстардан тазартты.
Тазалық іс-шарасына қатысушы ерікті жастар қажетті құрал-жабдықтармен, қолғаптар мен қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етілді. Жастар арасында ұйымдастырылған бұл сайыс қала тынысының кеңеюіне зор үлесін қосты. Аудан белсенділері бастаған тазалық жанашырлары аз уақыттың ішінде айналаны тазартып, қала келбетінің көркеюі үшін тер төкті. Олар жиыны 1 тоннадан астам қоқыс жиналып, ауданның көркеюіне өз үлестерін қосты. Сайысқа қатысқан топтарға арнайы дипломдар табысталды.
Ұйымдастырушылар мұндай сенбілік тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастырып, экологиялық мәдениетті көтеруге өзіндік ықпалын тигізеді деп сенеді.
Дәл осы күні тек жастар ғана емес, аудандағы барлық мекеме қызметкерлері сенбілікке қатысты. Әрбір ұжым өздеріне бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікті кәсіпкерлер, белсенді аудан тұрғындары мен еріктілер де қолдады.
Сенбіліктің мақсаты – қоршаған ортаға жанашыр тұрғындармен бірлесе аудан аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру.
Сенбілікке қатысушылар аудан аумағындағы саябақтарды, аудандық маңызы бар көше бойлары мен арық-атыздарды қоқыстан тазартты.
Барлығы 2 мыңға жуық адам қатысып, 29 техника жұмылдырылды. Жиналған қоқыстар арнайы орынға шығарылды.