АҚБАСТАУЛЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕ НЕ?

Дөңгеленген дүниеде жыл сайын триллион тонна пластик пакеттер қоқыс полигонына тасталады екен. Ал Қазақстанда әр тәулікте 2 миллионнан астам полиэтилен қоқысқа тасталады. Бұлай жалғаса берсе, тұтас әлем пластик пакеттердің құрсауында қалуы әбден мүмкін. Себебі ол құрғырдың өздіген ыдырау қаупі 100-500 жыл аралығын қамтиды екен.

Оның Табиғат-анаға ғана емес, адам ағзасына тигізер зияны өте көп. Пластик дорбалар жеңіл болғандықтан желдің екпінімен қас-қағым сәтте талай қашықтықты бағындырып айналаның ажарын қашыруда. Соңғы жылдары бұл күн тәртібіндегі мәселеге айналып кетті.
Алысқа бармай-ақ, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылы тұрғындарының әлеуметтік желі арқылы көтерген мәселесі соның жарқын мысалы.
Таяуда Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылы тұрғындарының атынан ауыл билері облыстық Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханның назарына төмендегі мәселені көлденең тартты.
Аталған ауылда 700 түтін бар. Осыншама үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтардың барлығы іргедегі Тұрақты елді мекеніне баратын жол бойындағы сай маңына тасталады. Бұрын топырағы алынып, шұңқыр болған орынды полигон етуге ауыл әкімдігі рұқсат берген көрінеді. Бүгінге дейін ауыл әкімдігі жылына екі-үш рет арнайы техниканы жұмылдырып, сай маңына жиналған қоқыстарды сол шұңқырға тастап, төңіректі тазалап келген. Бірақ соңғы кездері әкімшілік тарапынан жасалатын мұндай жұмыс кілт тоқтап қалған. Тұрғындар мәселені қолға алу бойынша әкімдікке барып бірнеше рет қоқыс тасталатын сол төңіректің айналасын қоршау туралы өтініш айтқанмен, ешқандай нәтиже болмаған. Енді екпіні күшті жел тұрғанда сол үйдей болып жиналған қоқыстардағы пластик пакеттер Ақбастау ауылына ұшып келіп, төңіректі ластап жатыр. Алыстан ұшып келген ондай дорбаларды ауылдағы төрт түліктер азық деп жеп, сырқаттануда.
Жанайқайларының жөні осылай баяндалған ақбастаулықтар алдағы уақытты қорадағы малдар сол қоршаусыз жатқан қоқыс алаңына жайылып, түрлі ауруларға шалдыға ма деп алаңдап отырғандарын да айта кеткен.
Көптің мәселесін көтерген ауыл билері өз әкімдері М. Беріковке айналаның тазалығына көп көңіл бөліп, қоқыс қалдықтары тасталатын орындарды тиісті талаптарға сай етуді көлденең тартып келеді. Алайда ауыл әкімі айтылған ұсыныс, пікірлерден қандай да бір нәтиже шығаруға әзірге асығар емес.
Енді ауыл тұрғындарының бар үміті облыстық Экология департаментінде. Аталған орган ақбастаулықтардың бас ауыртар мәселесіне айналған бұл жәйтке дәу нүкте қояды деп сенім артады.