ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ АТСАЛЫСТЫ
Дүниежүзілік тазалық күніне орай өткізілген жалпыхалықтық сенбілікте Шымкент қаласының 2410 метр аумағы қоқыстан тазартылды. Сенбілікте қала аумағындағы саябақтар мен гүлзарлар, аула және көшелер, ирригациялық арықтар, контейнерлерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аулалардың шөбі орылып, қураған ағаш бұталары кесілді.
Жалпы қалалық сенбілікке Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты, 23 басқарма мен оларға бағынысты мекемелердің, «Шымкент» ӘКК, 13 департамент қызметкерлері қатысты. Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікті кәсіпкерлер, белсенді қала тұрғындары мен еріктілер де қолдады.
Тұрғындар белсенділігін айрықша айта кету керек. Мәселен, Еңбекші ауданы бойынша сенбілікке шыққан 5 мыңнан астам азаматтың 1 мыңға жуығы – белсенді жастар. Сенбілікте аудан бойынша 40 көше, 10 шақырымнан астам аяқжол, ирригациялық жүйелер тазартылған. Іске 22 техника жұмылдырылды. Әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, барлық қоқыс қала сыртына шығарылады. Ал Әл-Фараби ауданында өткен жалпылама сенбілікке 5000-ға жуық адам қатысқан. Оның 1 мыңнан астамы – жастар. Шараға 250 коммуналдық жұмысшы және 80 арнайы техника жұмылдырылды. Әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауданда жалпы 485 м3 қоқыс қала сыртына шығарылды. Айта кету керек, жалпы Шымкент қаласы бойынша тазалық күніне 20 мыңға жуық адам және 204 техника жұмылдырылған.