КҮНГЕЙДЕ МАҚТА ТЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлық секторға тікелей байланысты. Сондықтан халықтың негізгі қалауы – ерте көктемде басталған еңбектің еш кетпеуі. Яғни жиын-терім науқанында өнім бағасы жоғары, қырман берекелі болса дейді. 

Бүгінде ала жаздай еңбек етіп, тер төккен тұрғындар мақта теруге кіріскен. Биылғы жылы тұқым себілген 79 292,83 гектар жалпы егістік жердің 49 500 гектары шитті мақтаны құрайды. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы 1074 гектар алқаптың «ақ алтыны» теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған. Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша, биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр.
Мақтаны техникамен теруді бастағандардың бірі — Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Бақдәулет» шаруа қожалығы. Кәсіпкерлік мекеме басшысы Серікбай Ахынов өз иелігіндегі 20 гектар жерге және қосымша жалға алынған 30 гектар аумаққа «Мақтаарал 40-11» сортты шит сеуіп, гектарынан 20 центнерден өнім алуда. «Биыл жетісайлық шаруалар жалпы 49 500 гектар жерге мақта шитін сепкен. Қазігі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункттері биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз» дейді Жетісай ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуов. Бұдан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1897 дана ауыл шаруашылық техникаларының 224-і мақта терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттары науқанға сақадай сай тұр.
Жалпы биыл Түркістан облысында мақта дақылының егіс көлемі 126,3 мың гектарды құрады. Бұл – жалпы егістіктің 15 пайызы. Шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Бүгінгі күнде Жетісай, Мақтаарал аудандарында жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қолда бар 595 бірлік комбайндардың 92%-ы жиын терім жұмыстарына дайын. Жалпы бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.
Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді. Бүгінгі күнге мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңгені құрады. Шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 бірлік мақта қабылдау бекеттері жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күнде зауыттар тарапынан тауар өндірушілерге жиын-терім жұмыстары үшін 150-250 мың теңгеден алдын-ала төлем жасалуда.
Мемлекет тарапынан күзгі жиын терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май және 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50%-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге субсидия қаржысы бөлінген. Сонымен қатар 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Қорыта келгенде, биылғы жиын-терім маусымында мақта еккен шаруалардың еңбегі ақталып, пайдаға кенелмек.

С.ЖҮНІСБЕКОВ.