ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 2 ЕСЕ ӨСТІ
Соңғы уақытта еліміздегі жас ғалымдардың шетел асуы жиілеп кеткені турасында ақпараттар тарап жатыр. Мұны біраз сарапшылар салаға бөлінер қаржының аздығымен түсіндіреді. Десе де мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар да аз емес. Мәселен, 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есе арттыру міндеті тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Ұлттық жоба бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есе арттыру міндетін қойып отырмыз, яғни ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50 пайызға өсуі жоспарланған. Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды (2020 жылы – 22 665, 2019 жылы – 21 843). Оның 7 525-і жас ғалым болса, бұл жалпы ғалымдардың 35 пайызын құрап отыр» деді министр.
Оның айтуынша, ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру енгізіліп отыр. «Жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулерге әрі постдокторантура үшін 1037 грант бөлінді. Жыл сайын халықаралық тағылымдамалардан өтуге 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілді. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады», деді Саясат Нұрбек. Министрдің сөзінше, еліміздің 10 жоғары оқу орнында постдокторантура құрылып, диссертациялық кеңестерге ҒЗИ мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылып жатыр. Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру үшін студенттер мен магистранттардың ғылыми қауымдастығы құрылды. Нәтижесінде еліміздегі ғалымдардың ғылыммен айналысуына қазірдің өзінде бірқатар жағдайлар жасалып отыр. Ал бұл бастамалар шетел асатын жас ғалымдарға тоқтау бола ала ма? Анығын уақыт көрсетеді…