1,8 МИЛЛИОН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МҮЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕГЕН

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, еліміздің 1,8 миллион тұрғыны 2021 жылғы мүлік салығын әлі төлмеген. Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.

Салық заңнамасына сәйкес, алдағы салық сомалары бойынша хабарламалар ағымдағы жылдың шілде айында меншік иелеріне жіберілген болатын. Бұдан басқа «Каспий банк» АҚ мобильді қосымшасын пайдаланушыларына PUSH-хабарламалар түрінде жіберілді. Сонымен бірге, бүгінгі күні шамамен 1,8 миллион меншік иесі 2021 жыл кезеңіне 7,1 миллиард теңге сомасына мүлік салығын төлемеген. Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салады.
1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі. Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады. Салықты «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электрондық үкімет» порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады. Сондықтан оқырман қауымға мүлік салығы бойынша берешектің бар я жоғын тексеруге кеңес береміз.