БЮДЖЕТТІҢ БҮЙІРІ ҚАШАН ТОЛАДЫ?

Бюджет тапшылығы мәселесі ең өзекті түйткілдердің қатарына кіреді. Сәйкесінше, Ұлттық қорға иек арту болашаққа деп жиналған қаржының кемуіне әкелетіні белгілі. Дегенмен бұл үрдіс те мәңгілік емес. Нақтырағы, 2023 жылы бюджет тапшылығы жойылып, 7 млрд доллар көлемінде профицит тіркелуі мүмкін.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты. Нақтырағы «2023 жылы мұнай бағасының барреліне 90 долларға дейін біртіндеп төмендеу сценарийі кезінде төлем балансының ағымдағы шотының профицит аймағына өтуі күтіледі. Болжамдарға сәйкес профицит 7 млрд долларды құрап, сауда балансының жақсаруымен қамтамасыз етіледі. Төлем балансының әдіснамасы бойынша тауарлар экспорты 81,6 млрд долларға дейін 35% ұлғаяды. Экспорт әлемдегі мұнай, металл, уран мен дәнді дақылдар бағасының жоғары болуына байланысты өседі», — деді Ұлттық банк өкілі.
Дегенмен ол аталған тенденцияның тұрақты емесін де тілге тиек етті. Айтуынша, тауарлар импорты жоғары деңгейде қалып, 44,2 млрд долларға жетеді. Шетелдік өнімді тұтынудың артуы қазақстандық өндірістің ішкі сұранысты қанағаттандыруға шамасы жетпей жатқанын көрсетеді. Оның орны фискалдық шығыстар көлемін өсіру арқылы жабылып жатыр. Ағымдағы шот профициті тұрақсыз және дайын тауарлар экспортының көлемі айтарлықтай төмен болып отыр. Оған шикізаттың, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік бағасының жоғары деңгейде болуы да әсер етеді. Қорыта айтсақ, болжамның толықтай жүзеге асуы уақыттың еншісінде. Дегенмен бюджет кірістерінің шығындардан асып түсер уақыты алыс емес сияқты.