100-ДЕН АСА ТҮЛЕК ГРАНТЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Оқу жылының басталғанына да көп болған жоқ. Мемлекеттік грантты иеленген мыңдаған түлек жоғары оқу орындарына қабылданып, мамандықты игеруге білек сыбана кірісіп те кеткен. Десе де қуанышы су сепкендей басылған түлектер де жоқ емес. Тарқата айтайық…

ҰБТ-дағы бейнежазбаларды тексергеннен кейін 137 қазақстандық түлек грантынан айырылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты. Нақтырағы «Бүгінде видеоларды қарау нәтижесі бойынша 153 тестілеушінің ҰБТ нәтижесі жойылды, оның ішінде 137-сі білім грантының иегерлері. Қазірдің өзінде тиісті шаралар қолданылып, олардың грант сертификаттары жарамсыз деп танылды» деді Руслан Емелбаев.
Оның айтуынша, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр, тиісті мемлекеттік органдарға әрі қарай жұмыс істеу үшін хаттар жолданып жатыр. «Биыл 327 түлек тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды алып жүру әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзған 322 адам аудиториядан шығарылды» деп сөзін түйіндеді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.
Айта кету керек, биыл 154 мың талапкер ҰБТ тапсырып, 103 мыңнан аса адам шекті балл жинаған. Бұл жалпы қатысушылардың – 67 пайызы. Өткен жылмен салыстырғанда, аталған көрсеткіш 7 пайызға жоғары. Биыл орташа балл 66 балды құрады.