МЕКТЕПТЕР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 2022-2023 жаңа оқу жылының басталуына орай баспасөз брифингін өткізді. Онда білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды.
«Жыл соңына дейін 12990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді. Жалпы басқармаға қарасты 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледжді қосқанда, 861 білім беру ұйымдарында 390 мыңға жуық тәрбиеленушілермен жаңа оқу жылын бастау жоспарлануда. Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 28 002 оқушы қабылданды. Бұл өткен жылғы бала санымен салыстырғанда 3 000 оқушыға көп. Жаңа оқу жылында 1 және 5-11 сыныптардағы білім беру стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар еніп отыр» деді өз сөзінде басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, жалпыға міндетті білім қорынан 58 154 балаға мектеп формасы үшін жергілікті бюджет есебінен ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әр балаға 37 389 теңгеден бөлінген. Одан бөлек, кәсіподақ және банктер арқылы – 845, жергілікті мешіттер тарапынан – 1 200, жеке кәсіпкерлер, демеушілерден – 2 142, жалпы алғанда 4 187 балаға қосымша қамту жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар қала аумағындағы сауда орындары зерделеніп, кәсіпкерлік басқармасымен бірлескен жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған.
Қазіргі таңда қала мектептерінде компьютерлік құрылғылар саны 56 746 дананы құрап, 1 компьютерге 4 оқушыдан келіп отыр. Бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден тиген болатын. Барлық компьютерлер 100% интернет желісімен қамтылып, жылдамдығын арттыру мақсатында байланыс операторларымен келісімшарт түзілген. Сондай-ақ үшінші мегаполистегі 6 мектепке спорт алаңшалары салынып, 372 кабинет және 610 интерактивті панелдер орнатылған. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 32,2%-дан 72,0%-ға артқан. Бұдан бөлек, барлық мектептер 100% бейнебақылау, дабыл түймесі, турникет және І дәрежелі күзетпен қамтылған.