ЖЕРДІ ӨЗ БЕТІНШЕ ИЕЛЕНЕТІНДЕРГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ
Бүгінде көше бойындағы жерлерді заңсыз иелену салдарынан бірқатар мәселелер туындап отыр. Десе де атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Қала көркін арттыру, жер саласындағы кейбір проблемалық мәселелерді шешу мақсатында Әл-Фараби ауданы аумағында ҚР «Жер кодексінің» 43-бабы 10-тармағына сәйкес, салынған, болмаса салынып жатқан құрылыс иелеріне заң аясында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мұндай шараның мақсаты — жер учаскелеріне өз бетінше иелік ету деректерін әрі қарай болдырмау, оның алдын алу және әлеуметтік шиеленістерге жол бермеу. Түсіндіру жұмыстары барысында Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен тиісті құзырлы мекеме өкілдері тарапынан жер учаскесін пайдалану кезінде өз бетінше иеленіп алу фактісін анықтаған жағдайда құрылыс иелеріне тиісті хабарлама жіберіп отырады. Хабарламада заңсыз құрылысты белгіленген мерзімде бұзып, жер учаскесін өз бетінше босатуы көрсетіледі.
Ал аталған міндеттер орындалмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган тарапынан заң аясында құрылыс иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі, құрылыстарды бұзу шаралары көрілетіндігі ескертіледі. Жалпы аудан аумағында жер учаскелерін тиімді пайдаланып, өз бетінше иелену деректерін тыю мақсатында арнайы құзырлы мекеме өкілдерінің тарапынан тексерілетін аумақтар белгіленіп, оларды аралау жұмыстары жалғасуда.