ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті табиғи өрттің алдын алу мақсатында шаһарда, орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты мониторинг жүргізіп, профилактикалық, рейдтік іс-шаралар, орман және шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаевтың қатысуымен өткен баспасөз брфингінде айтылды.
2022 жылғы өрт қауіпті кезеңдегі орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша атқарылған шаралар жайы сөз болған жиында спикер «Қала аумағында орман-дала өрттерін болдырмау мақсатында республикалық, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында және орман, егіс алқаптарының айналасында минералдық жолақтар салу жұмыстары жүргізілді. Департамент тарапынан орман шаруашылық қожалықтары, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт-тактикалық оқу жатығу өткізілді. Шымкентте өрт қауіпсіздігі бақылауда» деп атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мекемелері мен шаруа қожалықтарына, тұрғындарға қала аумағында орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.
Биыл шілде айының 10 күндігінде күннің қатты ысуына байланысты өрт сөндіру бөлімдері тәулігіне 10-нан аса шығулар жасаған. Ал 14 шілдеге дейін 80-нен аса құрғақ шөптің жану оқиғалары тіркелген. Жыл басынан бері Шымкент қаласының аумағында табиғи өрт тіркелмеген. Айта кету керек, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодекстің 336-бабы бойынша (Қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау) өрт қауіпті кезең басталғалы 8 әкімшілік заңды және жеке тұлғаларға 1 408 980 тенге айыппұл ретінде тәртіптік шарасы қолданылған.