МӘСЕЛЕЛЕР АУДАН ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының əкімі Досбол Есілбек «Елтай» тұрғын алабын аралап, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында туындаған жайттар сол жерде талқыланып, мәселенің шешілуі бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Сол қатарда су мәселесі де бар.
Атап айтсақ, 60-тан астам тұрғын үйге беріліп отырған судың қысымы өте аз. Оған жекеменшік компания есебінен тартылған құбырдың су жеткізу қуаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тұрғын үйлерге арналып жаңадан орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту «Су ресурстар-Маркетинг» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында қарастырылуда. Сондай-ақ тұрғын алабта орналасқан 4 тұрғын үйге көлік қатынайтын жол ашу қажеттігі де айтылды. Жер телімдері бұрынырақ Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан берілген болатын. Жол түсуі тиіс жер телімі «Сарем» ӨК-нің теңгерімінде. Бұл мәселені де оңтайлы шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болды.
Бұдан бөлек, тұрғындар осы елді мекендегі «Ынтымақ» кафесі жанына бейнебақылау орнату ұсынысын айтты. Аталған жерге бейнебақылау орнату бойынша құзырлы мекемелерге өтінімдер жолданғаны да атап өтілді. Алдағы уақытта көтерілген мәселелер аудан әкімінің бақылауында болатыны да белгілі болып отыр.
Айта кету керек, Еңбекші ауданында 27 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Оның ішінде 3 өндірістік аймақта (Оңтүстік ИА, Ордабасы ИА, Оңтүстік АЭА) 123 жоба іске қосылған. Бұл жылы аймақтарда 713 жұмыс орнымен 12 жоба жүзеге аспақ. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, жаңадан «Жұлдыз» индустриалды аймағы ашылуда. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүруде.