БИЫЛ 102 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Шымкент қаласында соңғы уақытта көшелерді жарықтандыру ісі қарқын алған. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін сандарды сөйлетер болсақ, 2020 жылы 39 көше жарықтандырылып, қаланы қамту көрсеткіші 24 пайыздан 29,5 пайызға артқан болатын. 2021 жылдан бастап қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 104 көшеге жарықшамдар қойылды. Нәтижесінде бүгінде 747 көшенің 324-і жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Қосымша 12 көшенің жарықшамы қайта жөнделді.

Биыл да жоғарыда аталған жоба аясында 102 көше жарықтандырылмақ. Жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде 2022 жыл қорытындысына сәйкес, Шымкент көшелерінің 57 пайызын түнгі жарықпен қамту жоспарланып отыр. 2023 жылы 106 көшені жарықтандырып, қамту көрсеткішін 70 пайызға өсіру жоспарға қойылған.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарыла бастады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған.