ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Шымкент қаласының маңындағы «Балдәурен» демалыс аймағында айтулы шара өтті. Нақтырағы, жас ақындардың арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы болды. Салтанатты шара қазақтың ұлы ақыны Абай күніне орай ұйымдастырылған. Жыр додасын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған көрермендер тамашалап, өз бағасын беріп қайтты.
«Жазба және айтыскер ақындар арасындағы «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» байқаулары биыл екінші рет өтуде. Былтыр Шымкент қаласында өткен жыр сайысы биыл Төлеби ауданындағы керемет табиғат аясында ұйымдастырылды. Қатысқан барлық ақындарға алғыс айтамыз. Қазақтың төл өнері айтыс – бұл әр ұлтқа бұйырмаған өнер. Біздің дана халқымыз әрдайым аталы сөзге тоқтаған, уәжге жүгінген. Қиыннан қиыстырып, сөз табу, таңды таңға ұрып, жырлау – қазақтың бойында ежелден келе жатқан дәстүр. Қазаққа қанмен берілген айтыс өнері жасай берсін! Жыр мүшәйрасын ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтамыз» деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жас ақындар арасында ұйымдастырылған айтыс осымен екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 ақын мен 16 айтыскер қатысты. Дарынды жастардың қабілетін елімізге белгілі ақын Бекарыс Шойбеков бастаған қазылар алқасы бағалады. Бұдан бөлек, қазылар қатарына Шымкенттегі өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова кірді.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша түркістандық Даниял Болысбек өзгелерден оза шауып, бас жүлдені иеленді. Оған күміспен қапталған домбыра табысталды. Бірінші орын алматылық Айым Асылбекқызына бұйырса, екінші орынды қызылордалық Нұрахмет Мансұров пен түркістандық Аян Ниязбек бөлісті. Үшінші орын шымкенттік жас ақындар Нұрғали Әнапия мен Жандос Мырзабековтерге бұйырды.