КӨШЕТТЕРДІҢ ӨНІМДІЛІГІ 80 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАЙДЫ

Былтыр елімізде 10 ұлттық жоба қабылданды. Соның бірі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Жоба аясында алдағы бес жыл ішінде республика көлемінде 2 млрд түп әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу қолға алынды. Соның ішінде Түркістан облысында 210 млн.нан аса ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Бұл жоба бойынша Арыс қаласында 2025 жылға дейін 100 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Бұл жоспарды жүйелі іске асыру ісі «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тапсырылды.

Аталған мекеме Арыс қаласының экологиясын жақсарту мақсатында қолға алынған бұл жұмыстарды қалай орындауда? Атқарылған жұмыстар қандай? Алдағы жоспарлары ше? Бұл сұрақтарды «Жасыл Арыс» мекемесіне жолдаған едік. Өз кезегінде мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлмира Басаровадан төмендегідей жауап алдық.
– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы бес жылда республика аумағына 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, 2022-2025 жылы Арыс қаласы территориясына 100 мың дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспары сызылды. Осы мақсатта ағымдағы жылы «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы 25 000 дана ағаш көшеттері сатып алынды. Бұл талдарды отырғызу ісі мемлекеттік мекеме, мектептер, балабақшалар мен жастар ұйымы қызметкерлері арқылы іске асырылды. Қазіргі таңда егілген жасыл желектер жайқалып, өсіп келеді. Бүгінде егілген 25000 түп ағаштың өнімділігі 80% құрап отыр. Жалпы үш жыл ішінде 100 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу ісін осы жылдың еншісінде орындап тастау жоспары бар. Осы мақсатта иек астында тұрған күз айларында ағаш көшеттерін отырғызу ісін жалғастырамыз, — деді.
Айта кетейік сәуір, мамыр айларында егілген 25 мың түп көшеттердің 7560 данасы «Арыс-Байырқұм» тас жолының бойына егілді. Сонымен қатар «Баламекен» тұрғын ауданы мен Онтам сым шарбак ішіне — 3500, мектептер мен балабақшалар ауласына — 4335 түп егілді.
Егілген талдарды суғару кестесі жасалып, уақтылы суғарылуда. Дер кезінде суғару үшін «Арыс-Байырқұм» тасжолының бойында екі ұңғыма қазылып, тамшылатып суғару жүйесі орнатылды.
Бұған дейін егілген 25 мың түп көшеттің көпшілігі қарағаш екенін айта кетейік. Ағаштың бұл түрі көп суды қажет етпейді. Аңызақ желге тосқауыл болатын тал түрі. Суыққа төзімді көп жылдық көлеңкелі ағаш.
Мекеме басшысы Гүлмира Басарова алдағы күз айларында басталатын көшет егу шарасы кезінде қарағашпен қоса, павлония, карликовый алма ағашы, үйеңкі көшеттерін араластырып отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Әр ағаш түрлерінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, павлонияның тастаған жапырақтары үлкен, саясы мол. Тамыры қысқа болғандықтан талдың күші бойына беріледі. Әрі жылдам өседі. Ал карликовый алма ағашы болса бойы қысқа. Бірақ өнімді мол береді. Айналаны көгалдандыруда кең қолданылатын үйеңкі ағашы саябақтар мен қала көшелеріне ерекше көрік сыйлайды.
Айта кетейік «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі былтыр ашылған. Мекеменің мақсаты – Арыс қаласын жасыл желекке айналдыру.