МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ОРЫНДАМАҒАН МЕКЕМЕЛЕР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Шымкент қаласында соңғы жылдары жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін арттыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Жол құрылысына бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіні де белгілі. Осы тұста, құрылысқа жауапты мекемелер міндетін қаншалықты дұрыс атқарып жатыр деген заңды сауал туындайды. Жуырда аталған көкейтесті сауалдың жауабын Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берді.

Атап айтқанда, басқарма тарапынан күні бүгінге дейін мемлекеттік сатып алу конкурсымен жеңімпаз аталған мекемелердің өз міндеттемелерін уақтылы және сапалы орындамағаны үшін 58,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 37,7 млн теңгесі немесе жалпы қаражаттың 61,6%-ы өндірілген. Жол құрылыс жұмыстары тапсырылған 24 мердігер мекеменің кепілдік мерзімі бойынша кемшіліктердің мерзімінде жойылмағанына байланысты 6,5 млн теңге айыппұл салынған.
Ал атқарылып жатқан нысандар бойынша 87 мекеме 51,5 млн теңге айыппұл арқалаған. Оның ішінде 70 айыппұл мердігер мекемеге, 16 айыппұл техникалық бақылаушы мекемесіне, 1 айыппұл авторлық қадағалаушы мекемеге тиесілі. Айыппұл салынған мекемелер тарапынан 36,3 млн теңге өндірілді. Төленбеген айыппұлдар бойынша сотқа талап арыздар жолдануда. Қорыта айтсақ, қыруар қаржы бөлінген салада бақылау да күшті. Заңнан аттап, міндетті орындамаса, мекемелер ауқымды айыппұл арқалайды. Ал мұның өзге мердігерлерлерге сабақ болатыны сөзсіз.