АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ АРТҚАН
Соңғы әлемде орын алып жатқан оқиғалардың салдарынан сан түрлі сала тұралап қалды. Логистикалық тізбектің бұзылуы салдарынан тауар тапшылығы сезіліп, азық-түлік бағасы аспандап кетті. Осы жағдайдың өзі елдің азық-түлік қауіпсіздігін өзгеге сеніп тапсыруға болмайтынын аңғартқан тәрізді. Бүгінде ішкі нарықты отандық өніммен қамтып қана қоймай, шетке экспорттау ісіне айрықша назар аударылып отыр. Өңірлерде өнім көлемін арттыру бағытында да ауқымды бастамалар көтерілген. Нәтиже де жоқ емес.
Тарқатар болсақ, Шымкентте 2022 жылдың I жартыжылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн АҚШ долларына артқан. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд теңгені құраған. Осылайша тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсіп отыр. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру кезінде ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баяндады.
Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады. 6 айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 млн дана жұмыртқа өндірілген. Салада құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ, қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс пен көкөністерді қайта өңдеу бойынша 6 млн банка консервілейді.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жиын барысында азық-түлік бағасына үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.